Субұрқақтан келер қауіп көп. Осылай деп дабыл қаққан қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары қаладағы субұрқақтар менингококк инфекциясының ошағына айналуы мүмкін дейді. Себебі, күн жылыған сайын солардың маңын жағажайға айналдырып, жанына сая іздейтіндердің қатары көбейген. Ал мамандар тазалықтан жұрдай ашық жатқан судан түрлі жұқпалы ауру тарайтынын айтады. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап.
Алматылық Дана Әбікен — орталықтағы субұрқақтарға жиі аялдайтын жандардың бірі. Аптап ыстықтағы салқын самал жан сарайыңды керемет күйге бөлейді деген ол дәрігерлердің дабылынан соң қатты шошынып қалғанын айтады. Қазір сақтық шараларын ұстануға көшкен әйел субұрқақтарды тазарту жұмысы жүргізілмейді дейді.
Дана Әбікен, Алматы қаласының тұрғыны:
-Тазалығы енді 100 процент деп айтпаймын. Қазір өзіңіз де көріп тұрсыз, судың түсі жасыл. Өте лас. Сәл-сәл тазалап, әкімшілік қарап жүрсе жақсы болатын еді.
Ал санитар-мамандардың айтуынша, күн ысығанда субұрқақтарға шомылатындардың саны қисапсыз артады. Сондықтан, ата-аналардың балаларына абай болуын ескерткен олар түрлі жұқпалы арурумен қатар менингококк инфекциясы да субұрқақтан қылаң беруі мүмкін дейді.
Әнел Мұсаева, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
-Мүмкін менингококк инфекциясы да. Неге дейсіз? Өйткені су ашық. Жануарлар, кептерлер, неше түрлі жәндіктер келіп су ішеді, шомылады. Сол кезде суда қалып қалуы мүмкін. Сондықтан адам фонтанға түскенде су жұтқанда немесе шомылғанда жұқтырып алады.
Алайда мамандар қауіпті кеселдің ошағы саналатын жерді жағажайға айналдыратындармен күрес жүргізуге дәрменсіз екенін жасырмады. Тек талап бойынша әр 10 күн сайын судың құрамын тексере алады.
-Ал, тәртіп сақшылары ескерту тақтайшасын көзге ілмей, суға түсу заң бұзушылыққа жатпайтынын, ешкімнің әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын айтады. Тек, екі жағдайда тыр жалаңаш немесе мас күйінде суға шомылғандар ғана айыппұл арқалайды. Демек, еш алаңсыз субұрқақ жағалағандардың кез келгені қауіпті менингококк инфекциясын жұқтырып алуы ғажап емес. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» дегенді қаперде ұстауымыз қажет дейді дәрігерлер.