Жамбылдықтар үшін жағымды жаңалық облыстық әкімдікте өңір басшысының төрағалық етуімен өткен жиында айтылды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Енді әулиеаталықтарға қысқы демалыстарын қамсыз өткізу өзге қалаларға аттанудың қажеті жоқ. «Қар-Алма» аталатын тау шаңғы базасы Жуалы ауданында бой көтереді. Кешен құрылысына атсалысуға ниетті кәсіпкерлер күні ертең білек сыбана іске кірісуге әзір. Облыста ішкі туризмді дамытуды назарға алған жергілікті билік кәсіпкерлердің көмегімен мегажобаны жүзеге асыруды бастады.
Сәйкесінше, мұнда келушілерге сапалы қызмет көрсетуге қабілетті нысандар да бой көтереді. Мәселен, Жуалыдағы тау бөктеріне жанға жайлы демалыс үйлері салынады. Әрі олардың сәулеттік келбеті біркелкі болады. Өз кезегінде, әріптестік таныту туралы облыс әкімінің ұсынысын қуана құптаған кәсіпкерлер осынау кешеннің салынуын көптен күткендіктерін атап өтті.
Тағы бір айта кетерлігі, «Қар-Алма» кешені өз келушілеріне жылдың кез-келген мезгілінде қызмет көрсете алады. Жаздың жайма шуақ күндерінде жамбылдықтар мен қонқатар атқа мініп серуендеп, бал татыған қымыздың дәмін тата алады.
Қазірдің өзінде, кәсіпкерлер он шақты коттедж салуға ниет білдіріп отыр. Жобасы тиісті орындармен мақұлданған кешен құрылысының алғашқы қазығы осы сенбіде қағылады. Ал, алдағы аптаның сәрсенбісінде кешенге қосымша инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлерге арнап бизнес-тур ұйымдастырылмақ.