Жамбыл облысында тау-шаңғы базасы салынып жатыр

0 0

Жамбыл облысында тау-шаңғы базасы салынып жатыр, — деп хабарлайды  «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Курорттық тау-шаңғы демалыс орнын салуға Жуалы ауданы таңдап алынған. Себебі, климаты қолайлы. Тек ауа райы ғана емес, логистикалық жағынан да тиімді аймақ. Біріншіден бұл жер қос облыс Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанның қақ ортасында орналасқан. Екіншіден халықаралық «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автодәлізінен небәрі 10 шақырым жерде тұр. Бұл туристердің жол-жөнекей соғып, емін-еркін демалып кетуіне мүмкіндік береді.

 Мамандар зерттей келе Қаралма шатқалын ыңғайлы деп тапқан. Егер жоспар жүзеге асса, дәл осы жерде тәулігіне 3 мың саяхатшыға дейін қабылдау мүмкіндігі бар демалыс орны пайда болады. Қазір құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңдері басталып, құрылысшылар инфрақұрылымын тартуға кірісіп жатыр. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Бастапқыда жаппай халықтық, яғни жастар мен балаларға, отбасылық демалысқа арналған трассалар салынады. Ал екінші кезеңде кәсіби деңгейдегі сырғанау жолдары жасалады. Сонымен қатар ұзындығы 2 шақырымнан асатын заманауи үлгідегі аспалы темір арқан жол орнатылады. Қажетті қондырғылар Аустриядан әкелінбек.

«Мемлекеттік жекеменшік кәсіпкерлік аясында бұл жобаны іске асырайын деп тұр. Сондықтан бұл жобаға қызығушылық бар. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен жұмыс істеп жатырмыз», — Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов.

Жергілікті жердің бедері зерттеліп, жол түсетін жер белгіленді. Қазір құрылысшылар алғашқы жұмыстарды бастады.  Болашақта бұл жобаға инвесторларды тарту көзделіп отыр. Әзірге жұмыс мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жалғаса бермек. Жоспар бойынша нысанның құрылысы биылғы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып, тұрғындар «Қаралма» тау-шаңғы базасында демала алады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.