Әрбір қазақстандық енді үйінен шықпай-ақ, дәрігердің қарауына онлайн түрде жазылып, жеке куәлігімен ауруханада ем қабылдай алады. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Ал барлық анализ бен түсірілімдер деректер базасына енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Қызметтің осы түрін Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары оң бағалап отыр. Жалпы пилоттық жоба жыл басынан қолданылып келеді. Ал шілдеде ауруханалар мен емханалардағы құжат айналымы толық электрондық жүйеге көшіріледі. Сондай-ақ ведомство өкілдерінің айтуынша, онкологиялық ауруларды емдеу үшін жасанды интеллект жүйесін енгізу жұмыстары да қолға алынды. «Уотсон фо Анколоджи» платформасы арқылы 300-ден астам ғылыми-медициналық журнал талданып, ем-домның оңтайлы бағыты анықталмақ. Әлемнің 15 елінде осы жүйе кеңінен қолданыс тапқан.
Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
– Осы жылдың басынан бастап Елбасымыздың Жолдауына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Сол бағдарлама шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі шеңберінде 4 бағыт іске асырылып жатыр. Олар интеграция платформасын құру, медициналық ақпараттық жүйелерді біздің аумақтарда дамыту, мобильдік денсаулық сақтау қосымшаларын іске асыру және де машиналық оқыту жобаларын іске асыру болып табылады.