Аймақтық грек және еврей этностарының бірегей көрмесі өтті

0 2

2025 жылғы 28 ақпанда Достық үйі ғимаратында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Жамбыл облыстық гректер қоғамының «Грек этносы өнерінің тарихы мен этнографиясы» және Шиват Цион еврей мәдени орт алығының «Еврейлердің негізгі графикалық белгілері» атты бірлескен өнер және этнографиялық жеке коллекциялар көрмесі өтті.


Қос этномәдени бірлестіктің ұйымдастыруымен өткен көрменің басты мақсаты – Қазақстандағы грек және еврей этностарының мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, көркемдік ерекшеліктері мен рәміздік белгілерін сақтау, жаңғырту және кеңінен насихаттау. 1 наурыз – Алғыс айту күні аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара еліміздегі этностар арасындағы өзара құрмет пен ризашылық құндылықтарын дәріптеуге бағытталды. Сондай-ақ шара барысында көпшілікке еврей халқының графикалық символикасы, тарихи таңбалары мен рухани белгілері таныстырылып, грек этносының өнері, этнографиясы, тарихи кезеңдері, қолөнері мен мәдени ерекшеліктері жан-жақты насихатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға және мәдени диалогты дамытуға ықпал етеді.
Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөз Қоғамдық келісім мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұловаға берілді. Сәуле Досымбекқызы өз сөзінде Алғыс айту күнінің қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызына тоқталып, өңірдегі этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді сақтаудағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар көрмені ұйымдастыруға және экспонаттарды жинақтауға белсенді атсалысқан азаматтар мен ұжымдарға алғыс білдірді. Бірқатар қатысушылар марапатталды.
Келесі кезекте Жамбыл облыстық «Шиват Цион» еврей мәдени орталығының төрайымы Ирина Акулова сөз сөйлеп, көрменің еврей халқының тарихи-мәдени мұрасын дәріптеудегі маңыздылығына тоқталды. Ол ұсынылған жеке коллекцияларда еврей этносының негізгі графикалық белгілері мен символдарының мазмұны терең қамтылғанын атап өтті. Ирина Ивановна бұдан өзге алдағы өтетін жаңа Конституция референдумының маңыздылығына және еліміз үшін құнды құжат екенін ерекше айтты.
Сонымен қатар «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Герантиди грек этносының бай рухани және мәдени мұрасы туралы айтып, көрмеге қойылған жәдігерлер арқылы грек халқының өнері мен этнографиялық ерекшеліктері кеңінен таныстырылғанын жеткізді.
Шара барысында еврей этносының өкілі Евгений Белоголовых жұртшылыққа көрмеге қойылған жәдігерлерді таныстырды.
Салтанатты бөлімнен кейін қонақтар көрме экспозицияларымен танысып, ұсынылған бірегей жеке коллекцияларды тамашалады. Көрме барысында келушілер грек және еврей халықтарының өнер туындылары, рәміздік белгілері мен тарихи-мәдени мұралары жөнінде кеңінен мағлұмат алды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар көрмеге қатысып, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғыс білдіріп, естелік суретке түсті.
2025 жылдан бастау алған бұл көрмелер өңірдегі этностардың тарихын терең танытуға және мол мәдени мұрасын көрсетуге бағытталған. Этностар арасындағы өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайтуға арналған маңызды бастама ретінде алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.