Бүгін елордада «Нұр Отан» партиясының журналистер арасындағы «Нұр Сұңқар» дәстүрлі байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат — қа сілтеме жасап.
Баспасөз күні қарсаңында өтіп жатқан іс-шараға партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысып, барша журналист қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Ең алдымен осындағы барлық журналистерді, БАҚ өкілдерін партияның, өзімнің атымнан кәсіби мерекелерімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Жалпы, бүгінде Қазақстанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен үшінші жаңғыру процесі жүзеге асырылып жатыр. Барлық салада, экономикада, әлеуметтік салада, саясатта, рухани өмірімізде үлкен өзгерістер жүзеге асырылуда. Елбасымыз Қазақстанның алдына 30 мемлекеттің қатарына қосылу туралы үлкен мақсат қойып отыр. Осы мақсатқа жетудің бірден бір кепілі — бүкіл қоғам болып, ел болып, халық болып Елбасы саясатының аясында жұмылу және бірге жұмыс істеу. Осы мәселеге келген кезде БАҚ-тың маңызы ерекше. Өйткені, сіздердің жұмыстарыңызға көп мәселе байланысты. Бүкіл қоғамды Президент мақсаттарының аясында жұмылдыру үшін біраз жұмыс жасап жатырсыздар», — деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, ол журналистердің кәсіби мерекесінің алдында «Нұр Сұңқар» байқауын өткізіп, жеңімпаздарды марапаттау жақсы дәстүрге айналып келе жатқанын баса айтты.
«Жыл сайын осы байқаудың дәрежесі, беделі өсіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Биыл 800-ден астам жұмыс келіп түсті. Барлық жұмыс жақсы, сапалы жасалған. Елбасының саясатын немесе мақсаттарын нақты жүзеге асыру тетіктерін халыққа түсіндіруге бағытталған», — деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен «Нұр Сұңқар — 2018» байқауының жеңімпаздары мыналар:
Тимур ҚАЗАҒҰЛОВ, «Акцент» Қостанай облысы Лисаков қалалық телеарнасының бас редакторы, ең үздік телевизиялық журналист — «Көзқарас» аталымы;
Индира АСАНОВА, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының аналитик-редакторы, ең үздік телевизиялық журналист — «Халық дауысы» аталымы;
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, үздік газет журналисі — «Сөз зергері» аталымы;
Айжан ШАУҚҰЛОВА, «Актюбинский вестник» Ақтөбе облыстық қоғамдық-саяси газетінің корреспонденті, үздік газет журналисі — «Сөз шебері» аталымы;
Николай ЭНЕЛАНЕ, Informburo.kz ақпараттық-талдамалық порталының арнайы корреспонденті, интернет басылымның ең үздік журналисі — «Медиа-профи» аталымы;
Шалқар ҚОЖАЕВ, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы, Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамаларын насихаттауда белсенділік танытқаны үшін — «5 бастама» аталымы;
Екатерина БЕСКОРСАЯ, «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі, жаңа партиялық жобалар туралы үздік материал — «Партиялық жаңғыру» аталымы;
«Астана ақшамы» газетінің редакциясы, елорданың 20 жылдығына арналған үздік материал — «Астанаға 20 жыл» аталымы;
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Хабар» телеарнасының «Болашаққа бағдар» бағдарламасының жүргізушісі және бағдарламаның шығармашылық ұжымы, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын ілгерілетуге қосқан үлесі үшін — «Рухани жаңғыру» аталымы;
Сұлтан ОРАЗАЛЫ, журналист, жазушы, теледраматург, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, отандық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін — «Майталман» аталымы.







