Келімбетов АХҚО мен Ұлттық банктің криптовалютаға қатысты ұстанымын айтты

0 1

Криптовалютаға немесе биткоиндарға қатысты «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Ұлттық банктің ұстанымы қайшы келмейді. АХҚО-ның ашылу салтанатынан кейін баспасөз мәслихатын өткізген Қайрат Келімбетов осылай мәлім етті, — деп «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Айта кетсек, баспасөз мәслихаты барысында Келімбетовке «АХҚО биткоинды миллионерлермен қалай жұмыс істейді? Бұл ретте Ұлттық банкпен АХҚО-ның ұстанымы қайшы келмей ме?» деген сұрақтар қойылған еді.

«Блокчейн технологияларын немесе криптовалюталар тұрғысынан ұстанымдарымыздың ешқандай қайшылығы жоқ. Себебі, біз мүлде бөлек екі бағытта жұмыс жүргіземіз. Білікті инвестор деген түсінік бар. Демек, жинаған қаржысы жарты миллион немесе 1 миллион доллардан асатын адамдар баршылық. Сәйкесінше, осынау нарықтық ортада ол адамдар өзінің жинаған қорын тәуекелге бара отырып, осы операцияларды қолдануы, соның ішінде криптовалюта операциясымен де айналысуы ықтимал», — дейді АХҚО басқарушысы.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, бүкіл әлемде ереже бойынша аталмыш операцияларға ешқандай тыйым салынып отырған жоқ.

«АҚШ, Жапония, Швейцария секілді елдерде адамдар мұндай операциялармен жұмыс жүргізеді. Яғни, олар өз тәуекелдері үшін жауапты. Сонымен бірге, осыған дейін криптовалюта әлемдік экономиканың тұрақтылығына төнген қауіп делініп келсе, Қаржы министрлерінің соңғы кездесуі көрсетіп отырғандай, бұл пайым негізсіз болып шықты. Иә, реттеушілер бұл мәселені жіті бақылауына алуы керек», — деді ол.

Қайрат Келімбетов АХҚО алаңында білікті инвесторлар үшін виртуалды цифрлық валюталардың не екенін нақты түсіндіріп бере алатын заңнаманы әзірлеу арқылы пилотты жобаны бастауға болатынын атап өтті.

«Біз қазір осы шаруаларды атқарып жатырмыз», — деді Қайрат Келімбетов.

Еске сала кетсек, елордадағы Конгресс холл орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.