«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Батыс Қазақстан облысындағы түрлі қоғамдық мәселелерді шешіп, әлеуметтік жобаларды іске асыруға белсене атсалысып келеді, — деп «Zhambylnews» AA Хабар24 сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы 2018 жылы облыс бойынша 35 миллион АҚШ долларына 33 әлеуметтік жоба іске асырылды. Компанияның облыстағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға құйған инвестициясы бүгінде 345 миллион АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда кәсіпорын өз тарапынан жобаның толық жүзеге асуын қадағалап, құрылыстың барлық кезеңіне жергілікті мердігер мекемелерді тартып отыр.
«Қарашығанақ Петролеум оперейтинг» компаниясы 1998-2009 жылдар аралығында аймақтағы әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін жыл сайын 10 миллион АҚШ долларын бөліп келді. 2009 жылдан бастап әлеуметтік инвестициялар көлемі 20 миллион АҚШ долларына ұлғайды.
Марат Кәрімов, КПО консорциумы бас директорының орынбасары:
«Соңғы үш жылда Бөрлі ауданының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларына қосымша 30 миллион АҚШ доллары жұмсалған болатын. Осы қаражатқа ауданда 22 жоба іске асырылып отыр. Оның ішінде ең ірілерін атап өтсек, 3000 адамдық үлкен стадион бар. Мына өзіміз қасында тұрған – 120 пәтерлік жатақхана. Биыл Астананың 20 жылдығына орай Ақсайда 240 орындық балабақша, Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылында компания қаржысына 198 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қарашығанақты игерген 20 жылдың ішінде компания қаржысына облыс аумағында жүздеген шақырым жаңа жол салынып, су мен газ құбыры жүргізілді. Ондаған мектеп пен аурухана, спорттық және мәдени нысандар бой көтерді».