Өңірде Жамбыл және Түркістан облыстарының тарихи-мәдени жерлеріне жасалған «Тарихи тағзым» экскурсиясы өткізілді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталмыш шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Жамбылдық 250 қатысушы Жамбыл және Түркістан облыстарының тарихи жерлерін зерттеуге аттанды. Экскурсия жастар арасында өз еліне деген сүйіспеншілікті оятуды көздеп, туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне қызығушылықтарын туғызу үшін жасалды. Шараның негізгі мақсаты — патриоттық сезімді күшейту.
Саяхатқа өңірдің әртүрлі салаларында белсенділік танытып жүрген жастар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, еріктілер, балалар үйінің тәрбиеленушілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Биылғы жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы болып жарияланғандықтан, экскурсияға 15 адамнан құралған өзбек делегациясының қатысты.
Алғашқы күні жастар Қарахан және Дәуітбек кесенелерін, Тараздағы көне мешітті, Төрткүл тарихи кешенін тамашалады. Сондай-ақ, экскурсия қатысушылары Ақыртас кешенінің тарихымен тереңірек танысып, Рысқұлов ауданының Құлан көне қалашығына барды.
Экскурсияның екінші күні саяхатшылар «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументіне, Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіне, Айша бибі және Бабаджа қатын кесенелерін барып қайтты. Сонымен қатар, Түркістан облысының Қазығұрт, Бәйдібек аудандарының тарихи жерлерін тамашалады. Саяхат киелі атанған Ақ Мешіт үңгіріне, Қошқар ата, Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелеріне барып, тағзым етуге ұласты.
Шара соңында барлық қатысушыға арнайы куәліктер табыс етілді.