Жамбыл облысының химия өнеркәсібінің қызметкерлері өндірістік зияндылыққа байланысты зейнет жасын азайтуды сұрады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатировтың облыстық кәсіподақ өкілдерімен кездесуі кезінде айтылды.
«Қазфосфат» ЖШС (ЖЖФЗ) кәсіподақ ұйымы төрағасының айтуынша, қазіргі таңда, зауыт басшылығы қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсарта алмай отыр. Зауыттың қазіргі жағдайы мәз емес, құрал – жабдығы Кеңес Одағы кезеңінен бері ауыстырылмағандықтан әбден ескірген. Өнеркәсіпте 15 – 20 жыл жұмыс істеп келе жатқан 600 – ге жуық жұмысшының денсаулығына өндірістік зиян келтірілген.
Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауыты филиалы ауыл шаруашылығы үшін минералды тыңайтқыштар, азықтық фторсызданған фосфаттар шығаратын химиялық зауыт болып табылады.
Шығарылатын өнімнің негізгі бөлігі ішкі рынокта сатылады. Бірнеше жылдан бері отандық ауылшаруашылығы өндірісшілерін тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін оны қаражаттандырудың мемлекеттік Бағдарламасы жұмыс істеуде. Сонымен қатар тыңайтқыштар Қытай, Украина, Белоруссия, Тәжікстан рыноктарында сатылады. Ауғанстан, Қырғызстан, Румыния, Чехия, Болгария, Иранның фосфорлы тыңайтқыштар рыногын игеру үшін үлкен жұмыстар атқарылуда.