Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда курорт ретінде инвесторлар үшін тартымды туристік аймақ құру туралы жоспармен бөлісті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бүгінгі күні Қазақстанның дамуы мен табиғи аймақтарын насихаттауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.
«Біздің мүмкіндігі бар қазақстандықтар дүниежүзіндегі курорттардың барлығына барып бітті. Теңіздеріне түсті, суына шомылды. Барлығын көрді, менің білуімше, мен де соның ішіндемін. Барлығымыздың қазіргі ойымыз, елдің ішін көркейту, балаларымызға Қазақстанның ішін көрсету. Қаншалықты еліміздің әдемі екенін білдіру. Сондықтан қазір мемлекет осы сұрақтарға бет бұрып отыр. Екіншіден бұл экономикалық тұрғыдан алғанда өте тиімді сала болып саналады», — деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, жоспарларды жүзеге асыру үшін жақсы жағдай жасап, инвестицияны көптеп тарту абзал. Және ішкі инфрақұрылымды дамытып, курорттың барлық нысандарын электр қуатымен, жылу және кәріз жүйесімен қамту шарт. Сонымен қатар, Президент қонақтарға қызмет көрсету мәселелерін бақылауға алуға тапсырды. Ол үшін жастарға қажетті білім беріп, біліктіліктерін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Қонақ үйді саламыз, демалыс үйін саламыз, бірақ оның ішінде жұмыс істейтін кім? Сервис мәселесі әр уақытта ең негізгі болып саналады. Біз жастарды оқытуымыз керек, мамандық беруіміз керек. Сондықтан, Бурабай ойдағыдай жұмыс істесе, мемлекетке қаржылай пайда әкеліп, туристерді көптеп тартады. Бірақ Бурабай туристердің қызығушылығын оятатын жалғыз орын емес», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаев атап өткендей, барлық жұмыс мемлекеттік қолдаудың көмегімен жасалуы тиіс. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлар жеңілдіктерге ие болатының атап өтті.
«Қазір көп жұмыс істейтін жағдай келді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша 2023 жылға дейін, 5 жылдық бағдарлама қабылданды. Оны жүзеге асыру жолдарын үкімет тыңдады, министерство тыңдады, облыстың әкімі не істеп жатқанын көрдік. Бұл жұмысты біз бітіруіміз керек. Бүгін мен Бурабайға келіп отырмын, мұнда ең бірінші жасайтын мәселе ішкі инфраструктурасын бітіру. Біріншіден — ол жол, себебі, біз сыртын аяқтадық, дайындық жүргіздік ол үшін. Үлкен жол салынды Астанадан Бурабайға қарай, автожол, темір жол салынды. Көкшетаудың аэропорты жөнделді. Енді сол инфраструктураның барлығын ішіне енгізу керек. Егер барлық обьектілерге біз су әкелетін болсақ, электр жүйесін әкелетін болсақ, жылу, канализация әкелетін болсақ мемлекеттегі туризм дами түседі. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады. Оның үстіне оларға жеңілдік жасайтын болсақ, көптеп тартылады», — деді Мемлекет басшысы.