Астана қаласында «Жаңарған Жамбылдан — Асқақтаған Астанаға» атты Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы болып өтті, — деп хабарлайды Астана қаласынан «Zhambylnews» AA тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен шарада Жамбыл облысының дәстүрлі, эстрада әншілері өнер көрсетті. Атап айтар болсақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, Бас дирижер Адай Жұмат, «100 жаңа есім» жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей бастаған Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, сондай-ақ, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Жандос Омаров, Ғани Мәтебаев сынды өнер маймалмандары келген қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Тағы айта кетерлігі, концертте Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылып шығарылған әндер мен күйлердің тұсауы кесіліп, жаңа би қойылымдары ұсынылды. Іс-шарада облыстық филармониядан 100 әртіс өнер көрсетті.
Концерттік бағдарлама аясында ұтыс билеттері ойнатылып, Тараздан тарту есебінде 20 естелік сыйлықтар алғашқы ойнатылған 20 ұтыс билет иелеріне тарту етілді.