Бүгінде xалыққа тегін таратылатын дәрілер «ең арзан баға» қағидасы бойынша сатып алынады. Алдағы уақытта аталған жүйені барлық препараттарға тарату жоспарланған, — деп xабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, дәрі-дәрмек жеткізуші компаниялар алдымен бағаны тіркеп, ашық көрсетеді. Аталған баға нақты деректерге негізделуі шарт. Ол үшін 39 елдің бағалары алынады. Оның ішінде Еуропа мемлекеттері де бар.
«Себебі кейбір жеткізуші компаниялар Еуропаға арзан бағамен тасиды. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қымбатқа сатады. Осыған байланысты біз 39 елдің қатарына Еуропаны да қостық. Сөйтіп, бюджет тарапынан сатып алынатын дәрілердің бағасы ең төменгі бес бағаның ішінен таңдалады», — деді Е.Біртанов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, әзірше аталған жүйе тек мемлекеттік сатып алуларға ғана таралады. Алдағы уақытта оны барлық препараттарға тарату жоспарланып отыр.
«Қазір барлық дәрі-дәрмектердің бағасын тіркеуге арналған заң жобасы Парламентте жатыр. Аталған құжат бірінші оқылымнан өтті. Жылдың аяғына дейін қабылданады деген сенім бар. Сөйтіп, келесі жылдан бастап барлық медициналық препараттардың бағасы тіркеуге алынады. Өнім өндірушілер өз бағасын сайттар арқылы ашық көрсетеді. Бірақ басқа мемлекеттердің бағаларын да салыстырмалы түрде көрсетуге міндетті болады. Сонда әділ баға болады», — деп атап көрсетті Е.Біртанов.
Айта кетейік, баспасөз мәслиxатында министр босанған әйелдердің өліміне себеп болатын негізгі мәселелерді атады.
Оның айтуынша, жылдың аяғына дейін тегін дәрі-дәрмек мәселесі толығымен шешіледі.
Ал емxанаға тіркелу ХҚКО-лар арқылы жүргізіледі.