Елімізде әскери шабуыл жасалды. Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операция күштері қарулы топқа тойтарыс берді. Бұл туралы «Zhambylnews» AA 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұның бәрі «Ерік дала» деп аталған арнайы оқу-жаттығу шарасының аясында жоспарлы түрде өтті. Қазақ пен өзбек жауынгерлеріне нақты қандай тапсырма жүктелді? Бірлескен операция нені көздейді?
Арнайы оқу-жаттығудың бірінші кезеңі салтанатты жағдайда басталды. Әскерилердің білігі шыңдалатын шараға еліміздің Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-майор Абдусалом Азизов қатысты.
Абдусалом Азизов, Өзбекстан Республикасы Қорғаныс ведомствосының басшысы, генерал-майор:
— Жылы қабақ танытып, қарсы алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Мұндай кездесулер екі армияның өзара қарым-қатынасына тың серпін береді. «Бірлескен оқу-жаттығулар түнгі уақыттағы жауынгерлік авиацияның әлеуетін көрсетіп, заманауи техниканы ұтымды пайдаланудың жаңаша әдіс-тәсілін меңгеруге сеп болады.
Қос елдің әскерилеріне берілген тапсырма ауыр болды. Жауынгерлер түнгі барлау бойынша операцияларды орындады. 2 жарым мың метр биіктіктен «Су-30 СМ» көлігі арқылы заңсыз қарулы топ анықталып, оларға әуеден соққы жасалды. Елді мекенге жасырынған содырларды ұстау үшін бір уақытта шабуыл жүргізіліп, жедел операцияға ұшқышсыз ұшу құрылғылары мен электрондық-оптикалық барлау құралдары пайдаланылды. Нәтижесінде қарулы топ қолға түсіп, қауіп сейілді.
Сәкен Жасұзақов, Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі:
— Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операциялар күштері берілген тапсырмаларды сәтті орындай білді. Бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінде көзделген мақсат орындалды.
Министр Жасұзақовтың айтуынша, «оқу-жаттығудың екінші кезеңін Өзбекстанның «Фориш» оқу-жаттығу орталығының базасында өткізу жоспарланып отыр. Мақсат – әскерилердің өзара бірлескен іс-қимылын жетілдіру.