Шу ауданында ақындар бас қосты

0 10

Шу ауданы Төле би ауылындағы аудандық мәдениет үйінде облыстық ақындар айтысы өтті. Елордамыз, Астананың 20 жылдық мерекесіне орай «Асқақтай бер, — Астана!» атты облыстық ақындар айтысына алыс-жақыннан ат сабылтып сөз сүлейлері келіп, той думанын қыздырды. Бұл туралы «Zhambylnews» AA Шу ауданының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шу ауданы әкімі Қайрат Әскербекұлы Досаевтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған халқымыздың төл өнерін дәріптеу шарасы тиісті деңгейде өтті. Ақындар айтысының ашылу салтанаты аудан басшысының құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тілеуімен басталды. 

Ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерге дейін сағаттар бойы тапжылмай тамашалаған айтысқа Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі, ақын Ахметжан Өзбеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов, облыстық «Ар ай» жастар газетінің бас редакторы, журналист Дәулет Төленді, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші-сазгер, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер академиясының профессоры Әбдімомын Желдібаев, «Ақжол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Ұлттық журналистік зерттеу орталығының президенті, ақын, журналист Смаил Дәрмен сықылды сөз зергерлері қазылық жасады.

Алқалы жиында ақындар сүбелі сөзбен өлең өрнегін құрып, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген табыстарын, Шу өңірінің тарландары жайлы да шабыттана жырлады. 24 ақынның ішінен үздік шыққан 8 ақын Құлмамбетше айтыс үлгісін құрып, шаппа-шап айтыс жасады.

Аудан басшысы Қайрат Әскербекұлы Досаев айтыста бас жүлдені қанжығасына байлаған Жамбыл ауданының тумасы Айтмұханбет Исақовке 500 000 теңге сертификатын табыстады. Ал, бірінші орынды (300 000 теңге) Т. Рысқұлов ауданының ақыны Асхат Қылышбек меншіктеп, екі екінші орынды (200 000 теңгеден) ауданымыздың ақыны Нұрлан Жұмабеков және Жуалы ауданының ақыны Қанат Мырзахан, екі үшінші орынды (100 000 теңгеден) Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов пен Байзақ ауданының ақыны Алтынкүл Қасымбекова бөлісті. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан Д. Бықыбаев 150 000 теңгені 3 ақынға теңдей бөліп берді. Өзге ақындар алғыс хаттарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.