Осыған дейін Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновтың 11 шілдеде Астанада ұрлыққа қатысты ұсталғаны хабарланған еді.
«Денис Тенді өлтірді» деп айыпталған күдікті А.Құдайбергеновты 11 шілдеде Астанада көлік ұрлау оқиғасынан кейін босатқан полицейлерге қатысты қызметтік тергеу басталды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов журналистермен Денис Теннің өліміне қатысты болған брифинг барысында 2018 жылдың 11 шілде күні Астанада автокөліктің айнасын ұрлау оқиғасы болғанын айтты.
«Біз қолданыстағы заңнамалардың бұзылуы себебін анықтау үшін қызметтік тергеу жүргізіп жатырмыз. Анықталған жағдайда қызметкерлерге ішкі істер органдарынан жұмыстан қууға дейін тәртіптік шара қолданылатын болады. Жалпы ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртіп бұзуына келгенде қатаң келетінін айтқым келеді, заңнаманы бұзу, азаматтарға дөрекілік таныту фактісін жасырмаймыз. Әр өтініш бойынша тиісті құрылымдық тексеріс жүргізіліп, тәртіптік жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады», — деді вице-министр.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың 19 шілдесінде Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен Алматыда автоұрылардың қолынан қаза тапқан болатын.
Дереккөз: elorda.info