Қазақстанда шетелдегі қандастарымыз 25 және 26 балмен грантқа түсті

0 3

Қазақстанда шетелдегі қандастарымыз 25 және 26 балмен грантқа түсті,- деп хабарлайды  «ZhambylNews» AA Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Бүгін Қазақстан бойынша 2018 жылғы Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің толық тізімі жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары болып табылмайтын, ұлты қазақ азаматтар үшін бөлінген квотамен түскен білім беру гранты иегерлерінің де тізімі белгілі болды.

Жалпы, биылғы жаңа оқу жылында гранттарды шетелдегі қазақ ұлтының 862 өкілі иеленді.

Атап айтқанда, олардың арасында басым бөлігі, яғни  290 адам білім беру мамандықтарын, 242-сі техникалық ғылымдар және технологиялар саласын таңдаған.

Сонымен, этникалық қазақ жастарына арналған бұл бағыт бойынша ең төменгі 25 балмен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына грантқа өткен талапкер бар.  Бұдан бөлек, 26 балл жинаған тағы бір талапкер «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына, сондай-ақ осындай көлемдегі ұпаймен бір талапкер «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына грантқа өтті.

Сондай-ақ, бұл тізімде ең жоғары 133 балл жинаған бір қандасымыз «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру жҽне көлікті пайдалану» мамандығына,  133 балл алған екіншісі «Жалпы медицина» бағытында грантты иеленді.

Еске сала кетсек, биыл ҰБТ 167 пунктте өткізілді. Соның ішінде колледждер базасында — 3, жоғары оқу орындары базасында — 48, мектептер базасында — 116 пункт болды.

Биыл ҰБТ тапсыруға 102447 өтініш берілді. Соның 77224-і қазақ тілінде, 25177-сі орыс, ал 46-сы ағылшын тілінде тапсыру ниетін білдірген. Іс жүзінде биыл 98698 бітіруші ҰБТ тапсырды, былтыр бұл көрсеткіш 88583 болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.