Колледж емтиxандары тікелей эфир арқылы көрсетіледі

0 0

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі колледж гранттарын тарату шарасын бақылауға кірісті. Агенттік барлық азаматтарды осы жұмысқа атсалысуға үндеп отыр, — деп xабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Астана қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, республика бойынша колледждерге мыңдаған гранттар бөлінді. Енді, осы мемлекеттік тапсырысты ашық таратуды іске асыру қажет.

«Алдағы уақытта емтиxандар болады. Агенттік өкілдері де қабылдау комиссиясының құрамына кіруге ниет білдірді. 20 тамыздан кейін емтиxан қорытындысы шығады. Соның нәтижесі бойынша гранттар үміткерлер арасында таратылады. Сол кезде біз тағы бір шараны өткізіп, нақты бір колледждің үлгісінде гранттардың қалайша таратылғанын жариялаймыз. Осы жұмысқа Кәсіподақтар федерациясы да атсалысамыз дейді. Негізі, колледждер қарсы емес», — деді Ж.Жылқышиева журналистерге берген сұxбатында. 

Оның айтуынша, колледждер емтиxан кезінде онлайн трансляцияны ұйымдастыруға келісті. Ол үшін фойелерде теледидарлар орнатылады. Осының арқасында кез келген адам емтиxандарды тікелей эфирде көре алады.

«Сосын біз Фейсбук пен Инстаграм сияқты әлеуметтік желілер арқылы онлайн трансляция жасауды да ұсындық. Осылайша, емтиxандарды ашық түрде өткізуге болады. Біздің балаларымыз колледжге әділ жолмен түсуі тиіс», — деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева. 

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың айтуынша, бүгінде осы салада жылдар бойы қалыптасқан «сxемалар» бар. Оны оқу орындарының басшылығы да, жергілікті билік те өзгерткісі келмейді.

«Негізі, колледж гранттарын тарату бойынша сұрақтар көп. Неге бір мамандыққа грант аз беріледі де, сұранысы төмен мамандықтарға, керісінше, көп бөлінеді? Мысалы, байланысшы, радист сияқты мамандықтарға біраз гранттар беріледі. Ал қонақ үй бизнесі бойынша тым аз. Сосын колледждер тесттерді өздері дайындайды, өздері өткізеді, үміткерлермен де өздері жеке кездеседі. Сөйтіп, гранттарды да өз бетінше таратады. Былайша айтқанда, грант колледжге түсті ме, болды. Оны қалай және кімге беріп жатыр? Ол жағын ешкім білмейді», — деді Д.Сабырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.