Қордайды шулатқан қылмыскерлерді ұстау үшін қосымша күш жіберілді

0 3

Жамбыл облысы Қордай ауданында тапа-тал түсте үй тонайтындар әлі іздестірілуде. Осы орайда, қылмыскерлерді құрықтау үшін орталықтан қосымша күш құрылымдары жіберілді. Бұл туралы «ZhambylNews» AA Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

ІІД қызметкерлерінің мәлімдеуінше, қарақшылар бірнеше адамнан құралған. Себебі, ауданда жарты айда он шақты үй тоналған. Олардың әрекетінен халық үрейленіп қалған.Осы мақсатта өңірге барған облыс прокуроры мен ІІД бастығы жұртты сабырға шақырған еді.

«Қордай ауылына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ІІД-нен қосымша 70 қызметкер, оның ішінде атты полицейлер, сондай-ақ, 15 автокөлік және 10 қызметтік іздестіру иті жолданылды. Олар күндіз-түні патрульдік жасаққа шығып күзетуде. Сондай-ақ, облыстағы ең тәжірибелі полиция қызметкерлерінен осы істі ашуда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», — дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Айта кетейік, жуырда қарақшылар ерлі-зайыпты зейнеткердің үйін үптеп кеткен. Үй иесін соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған 68 жастағы Владимир Бойко ауруханаға түсіп, екі аптадан кейін қайтыс болды.

Осы жағдайдан соң жергілікті тұрғындар жаппай наразылық жасап, тәртіп сақшыларының әркетін сынға алған еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.