Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ет комбинаты дамудың жаңа деңгейіне шықты. «Меркі ет комбинаты» ЖШС екі ирандық компаниямен қойды экспорттау жөнінде келісім жасасты. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Осыған сәйкес, 4 мың тонна етті жеткізу жоспарланған. Өткен жылы Иранға 200 тонна қой еті жеткізілген. Кәсіпорын тоқтап қалуға мәжбүр болғаннан кейін қайта іске қосылып, жылдың басынан бастап тағы да 200 тонна ет экспорттады.
«Меркі ет комбинаты» ЖШС директорының орынбасары Сұлтан Әлиасқаровтың айтуынша, кәсіпорын бірден 20 тонна етті экспортқа жөнелте алады. Мұнда күніне 150-ден 300 қойға дейін сойылады.
— Жыл өткен сайын мал басы көбейіп келеді. Өзіміз өсіреміз. Экспортқа шығару үшін арнайы стандарттарды сақтаймыз. Ал Ирандықтар арнайы мамандарын осында жібереді. Өздері сойып, мұздатады. Тараз қаласынан ұшақпен тасымалдаймыз, — дейді ет комбинатының директоры.
«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді жобасының аясында ауданда репродуктивті шаруашылықтардың, мал сою алаңдарының құрылысы жүріп жатыр, шаруа қожалықтары даму үстінде. Қой және ірі қара мал өсірумен айналысатын «Олжа», «АР-АС», «Нарт», «Нейля-С», «Қасапхана», АО «Меркі асыл тұқымды зауыты» сынды ірі жеті шаруа қожалығы және 6 мал сою алаңдары бар.
Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстан барлық ет түрі бойынша сыртқа 9,1 мың тонна, оның ішінде сиыр еті – 3,4 мың тонна, қой еті – 1,4 мың тонна, шошқа еті – 0,5 мың тонна және құс еті 3,8 мың тонна саудалаған. Еліміздегі ет экспортының 80 пайызынан астамы Ресей Федерациясының территориясына жеткізіледі. Өткен жылдан бастап Батыс Қазақстан және Жамбыл облысынан Иран Ислам Республикасына үлкен көлемде қой етін жеткізу басталды. Аталған елдерден басқа қазақ еті Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, сонымен қатар Бахрейн, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты Қиыр Шығыс елдеріне экспортталады.
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығына 18,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 миллиард теңгеге көп. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 11,1 миллиард теңгені құрап, 58 пайызға артты. Тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 18,2 пайызға ұлғайып, 3,3 миллиард теңгені құрады.
Жүйеге қатысты шешімдерге келетін болсақ, ауыл шаруашылығы дақылдары 650 мың гектарға орналастырылды, бұл өткен жылдан 20 мың гектарға артық. Осының есебінен қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша, картоп және мал азығының алқабы ұлғайды. Аймақты тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында, 8 тұқым шаруашылығын ашу қажеттілігі анықталып, біреуі ашылды. Шаруашылықтарға талап күшейтілді.
Нақты межелерді қоюдың нәтижесінде, элиталық тұқым үлесі 6 пайыздан 11,3 пайызға жеткізілді. Тыңайтқыштарды қолданудың да межелері белгіленіп, өткен жылғы 17 пайыздан 20 пайызға жеткізілетін болады. Жалпы саладағы мәселелерді жүйелі шешу үшін арнайы карта жасалды. Онда бірінші кезекте, егістік алқабын көбейту қаралып отыр. Кезінде егін алқабы 992 мың гектар болса, бүгін 214 мың гектар жер айналымнан шығып кеткен. Енді осы жердің 175 мың гектарын қайтаруға болатыны анықталып, оның 13 мыңын биыл қайтаруды жоспарлап отырмыз. Картада кооперативтер мәселесі де қаралған. Қазіргі уақытта 44 кооператив, оның ішінде сүт бағытында – 25, ет бағытында – 12 және басқа бағыттарда 7 кооператив жұмыс істеуде. Алдымен кооперативтерді ашудың принциптерін айқындадық. Оларды облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындарына байладық. Нәтижесінде, 8 сүт өңдейтін кәсіпорынға қосымша 32 сүт кооперативін ашу кажеттілігі анықталды. Сол сияқты, ет бағытында 25 кооператив керектігі белгілі болды. Биыл 20 сүт, 10 ет бағытындағы кооператив ашу жоспарланған, оған қаржы бар (1,0 млрд.теңге). Оларды ашқанда, кәсіпорындардың бүгіндегі 50 пайыздан аспайтын жүктелімдерін 80 пайызға жеткізуге болады. Биыл кооперативтер 5600 тонна сүт өндіріп, сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі 10 пайызға артты. Картада техникалармен жабдықтау да карастырылған.