Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен 17 тамыз күні Меркі ауданы, «Тұран» демалыс аймағында облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары мен журналистеріне және блогерлеріне арналған «Ақпарат ағыны және біз» тақырыбында 1 күндік семинар-тренинг өтеді. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Онда ақпарат таратудағы сауаттылық, бүгінгі журналистиканың талаптары, ақпаратты тексеру (фактчекинг) сияқты тақырыптарда дәріс оқылып, семинарға қатысушыларға осы тақырыптар аясында түсіндіріледі.
Шараның мақсаты туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали тоқталып өтті.
— Біз бұл семинарға журналистерден бөлек облысымыздағы ақпарат саласына қатысты бірқатар мамандарды, мемлекеттік қызметкерлерді де шақырдық. Қоғамға шынайы, сауатты ақпарат таратуда телеарна, газет тілшілері ғана емес, блогерлер, облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен өкілдеріне де зор жауапкершілік жүктеледі. Семинар-тимбилдинг арқылы бір-бірімізбен жақынырақ танысып, пікірлесіп, ой бөлісуді мақсат тұттық. Тимбилдинг сөзінің тікелей мағынасы да «команда құру», «команда болып жұмыс жасау» дегенді білдіреді. Біз іс-шарамызды бұл жолы әдеттегідей қаланың шулы ортасында емес, табиғат аясында, тау етегінде өткізгенді дұрыс деп таптық. Оның әсері ерекше болады деп ойлаймын. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, қазір ақпараттар ағыны өте қарқынды. Біз оған қалайда ілесіп, өз үнімізді қоса алуымыз керек. Жуырда облыс әкімінің интернет кеңістігінде жұмыс істеуге қатысты арнайы өкімі жарияланғаны белгілі. Ал оны қадағалау ішкі саясат басқармасына жүктелді. Бүгінде осы бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуді бастап та кеттік. Белгілі блогерлеріміз барлық ауданды аралап, кездесулер өткізіп шықты. Бұл өкімнің мақсаты – қоғаммен кері байланыс орнату, ақпаратты жылдам алмасу, кез келген тосын жайт орын алған жағдайға дер кезінде жауап беру, тұрғындарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз ету. Өкімнің арнайы нұсқаулықтары да бекітілді. Сол нұсқаулыққа байланысты жоспарлы шаралар қолға алынып, жұмыс талап етілетін болады, – деген Берік Уәлиұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қатысушыларға дәріс оқитындар — «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі, медиатренер Асхат Еркімбай және республикалық «El.kz» интернет жобасының жетекшісі, медиатренер Бэлла Орынбетова.