ҚР Ұлттық банкі заңнамадағы түзетулерден кейін онлайн-несиелеу шартын бекіту кезінде қандай ерекшеліктер пайда болғанын түсіндірді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
2018 жылғы 16 шілдеден бастап ҚР Азаматтық кодексімен займ келісімшартының ерекшеліктері белгіленді. Шарт мынадай талаптарға жауап беруге тиіс:
— жеке кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға қарыз алушы болып табылады;
— қарыз Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана беріледі;
— қарыз шартында ҚР Ұлттық Банкінің нормативтік- құқықтық актісіне сәйкес есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі міндетті түрде болуға тиіс;
— қарыз шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қарызды қайтару мерзімі өзгерген жағдайда да берілген қарыз сомасының 100 пайызынан аспауға тиіс;
— қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және сыйақыны төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімі өткен әрбір күн үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 0,5 пайызынан аспайды, бірақ берілген қарыздың бір жылдағы сомасының 10 пайызнан артық емес;
— қарыз шарты бойынша міндеттемелер мен төлемдерді кез келген валюта баламасына байланыстыра отырып индекстеуге жол берілмейді;
— қарыз шартының сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), комиссиялар және өзге де төлемдер мөлшері туралы талаптары оларды ұлғайту жағына қарай өзгертілмеуі тиіс.
Осылайша, 2018 жылғы 16 шілдеден кейін жасалған қарыз шартының талаптары көрсетілген талаптардың кез келгеніне сәйкес келмеген жағдайда, шарт тараптары сот арқылы мұндай шартты жарамсыз деп тануға құқылы. Бұл ретте шартты жарамсыз деп тану борышкерді мәміле бойынша алынған ақшаны кредиторға қайтару міндеттерінен босатпайтынын атап өткен жөн.
Ұлттық банк Азаматтық кодекстің осы бабы шеңберінде, оның ішінде интернет арқылы (онлайн кредиттеу) қарыз беретін компаниялардың қызметін реттемейді.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық Банктің сайтында жақын арада калькулятор орналастырылады, ол қарыз шарты бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін өз бетінше есептеуге мүмкіндік береді.