Жамбыл облысында 42 нысанның құрылысы жүргізілуде (ФОТО)

0 2

Жамбыл облысының экономикасында құрылыс көлемі 59,7 миллиард теңгені құрап, 8,2 пайызға өсті. Қазір облыс орталығында, әсіресе, тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Оған «Нұрлы жер» бағдарламасы тікелей әсер етіп отыр. Осының арқасында 7-20-25 жобасы жүйелі жүзеге асырыла бастады. Жыл басынан бері 10 көпқабатты үй пайдалануға беріліп, тағы 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр.

ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл облыстық филиалы берген мәліметке сәйкес, бүгінгі күнге дейін аймақта «7-20-25» бағдарламасы бойынша жалпы құны 148 млн теңгенің 14 өтініш түскен. Оның 10 мақұлданыпты. Қалғандарының құжаты рәсімделуде. Осы жылы бас-аяғы 430 мың шаршы метрден астам тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Дайын болған үйлерді шетінен осы бағдарламамен беру жоспарда. 8 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үйлердің 311 мың шаршы метрден астамы пәтер кезегіндегілер мен мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына тапсырылып қойған.

Қазір 15-мөлтек ауданда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биылғы жоспар уақытылы орындалса, жыл соңына дейін тағы 800 отбасы баспаналы болады. Сонымен қатар, Сүлейменов көшесінің бойында 922 жеке тұрғын үйлер салынуда. Құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындар тартылып, 1000-ға тарта адам еңбекпен қамтылған. Құрылысқа қажетті заттардың тек кейбір бөлігі Ресей мен Қытай елдерінен әкелінуде. Мердігер компаниялар құрылыста 90 пайыз отандық өнімді пайдаланып жатыр.

«Бұл отандық құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға үлкен нарық көзі болып отыр. «Сонымен қатар жергілікті экономикаға да өз әсерін тигізбей қоймайды», – дейді мамандар.

Гүлдана Жауынбекова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

– Аймақтың құрылыс саласындағы өсім шағын кәсіпорындармен атқарылған құрылыс-монтаж жұмыстар көлемінің ұлғаюына байланысты болып отыр.

Айта кету керек, жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға дейін өскен. Жалпы биыл облыста 27 миллиард теңгеге 107 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 39-ы пайдалануға берілді. 51 нысан жыл соңына дейін тапсырылады. Ал қалғаны 2019 жылы бітуі тиіс.

Жалпы баспана кезегінде облыста 23 мыңға жуық адам тұр. Оның жартсынан көбі Тараз қаласында тіркелген. Жоғарыдағы аталған жоспар уақытылы орындалса, жыл соңына дейін жүздеген отбасы қоныс тойын тойлайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.