Қазақстандағы ЖОО-лар жекелеген мамандықтарды оқыту құқығынан айырылуда

0 2

Қазақстандағы Жоғарғы оқу орындары жекелеген мамандықтарды оқыту құқығынан, яғни лицензиядағы қосымшалардан айырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында брифинг өткізген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Биыл «Білім туралы» заңның «ЖОО-лардың академиялық дербестігі» бөлігіне өзгерістер енгізілген болатын. Шынында да, ЖОО-лардың жауапкершілігі артып келеді. Сондықтан, ЖОО-лардың бірқатары бірігіп, «Академиялық адалдық лигасын» құрғалы жатқанын жариялады. Біз бұл қадамды қолдаймыз. Сонымен бірге, министрлік тарапынан ЖОО-лардың білім бағдарламасына талаптар күшейтіліп келеді. ЖОО-ға жұмысқа тұру тұрғысында да талаптар күшейтілетін болады», — дейді вице-министр.

Демек, университет белгілі бір мамандық бойынша мамандарды дайындап, бұл ЖОО түлектері оқу бітіргеннен кейін жұмыс таба алмаса — онда БҒМ ол оқу орындарының алдына «Қажетті мамандарды дайындап жатырсыздар ма? Ол мамандықтың қажеті бар ма?» деген сұрақтарды кесе-көлденең тартады.

«Сондықтан, қазіргі таңда лицензиядағы 17 мамандық бойынша қосымша қайтарылып алынды. Бұл ретте лицензия шақырып алынды деген кезде мынаны түсінуіміз керек: жалпы ЖОО-дан емес, жекелеген мамандықтар бойынша лицензиялар қайтарылып алынады. Мәселен, белгілі бір университеттен «философия» пәні бойынша лицензия қайтарылады. Себебі, ол пәндерді оқыту талаптарға сәйкес келе бермейді», — дейді Асхат Аймағамбетов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.