Үш тілде оқытуға көшу бойынша өткен оқу жылында облыс бойынша 45 мектепте биология, химия, физика, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізілсе, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 185 мектепте осы пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Облыста физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 2556 педагог бар. 2017 жылы – 785 педагог (физикка – 241, химия – 175, биология – 203, информатика – 166) курстан өтсе, биылғы жылы – 571 мұғалім өтеді. Ал келесі жылы – 672 педагог ағылшын тіліндегі курстардан өтеді деп жоспарлануда. Бұған қоса 11 маусымнан бастап аудандар мен Тараз қаласында физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 220 педагог жергілікті бюджет есебінен «USTAZ Professional Learning Centre» ЖШС-і мамандарының ұйымдастыруымен ағылшын тіліндегі курстардан өтуде.
Бүгінгі таңда аталған пән мұғалімдерінің 34,7 % (888 педагог) курстардан өтті. Бұған қоса маусым айында аудандар мен Тараз қаласында физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 220 педагог жергілікті бюджет есебінен «Ұстаз» орталығы мамандарының ұйымдастыруымен ағылшын тіліндегі курстардан өтті. Бұл орталық бір жыл бойы осы мұғалімдерді толығымен қолдап, үйретіп, нақты көмек көрсететін болады.
Сондай-ақ,үш тілде білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін Жамбыл облысында «Үш тілде білім беруді дамыту бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспары» әзірленіп, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Жаңартылған білім беру мазмұнын одан әрі іске асырудың 2018-2021 жылдарға арналған жол картасына» сәйкес жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізудің кестесі және картасы дайындалды.
Аталған мәліметтер Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы жанындағы «Өңірлік коммуникациялар қызметінде» Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың қатысуымен баспасөз конференциясында айтылды.
Айта кетейік, биыл білім жүйесін қаржыландыруға 106 миллиард теңге бөлінді. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 91 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу үшін 45 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланып отыр. Оның 31-і жекеменшік балабақша.
Тараз қаласында балаларды кезекке қою мен жолдама берудің автоматтандырылған жүйесін енгізуді көздеп отырмыз.
Орта білім алуда 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік және жақсы оқитын оқушылардың үлесі 66,5 пайызды құрады (135633 оқушы).
Халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға қатысқан 257 оқушының 142-сі (55,2%) жеңімпаз атанды (22 алтын, 35 күміс, 85 қола).
Облыс оқушылары республикалық олимпиадада 7 жыл қатарынан, республикалық ғылыми жарыстардың қорытындысында 6 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанып, І орындарды иеленді. Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернаты 10 жыл қатарынан «Үздік олимпиада мектебі» атағына ие болды.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 89,4-ті құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 11,5 балға жоғары.
Маусым айында облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ІТ лицей-интернаты құрылды. Оған 121 миллион теңге қарастырылып отыр.
Сонымен бірге ауыл шаруашылық және техникалық бағыттарда заманауи материалдық базамен қамтылған Құлан ауыл шаруашылығы және Жамбыл политехникалық базалық колледждерін жаңғырту жобалары басталды. Бұған 300 миллион теңге бөлінді. Алдағы оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді (2017-2018 оқу жылында 4993, яғни 31 орынға артық) оның 3324-і – жұмысшы мамандықтар.
Осы бағытта мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысты бірқатар шешімдер қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап арнайы ереже әзірленді. Бұрын тек колледждер мен студенттер арасында келісімшарт жасалатын болса, енді жұмыс берушілер – колледждер және аудан, қала әкімдері арасында үшжақты шарттар жасалынады. Соған сәйкес, біріншіден, жұмыс беруші оқу бітірген түлекті жұмысқа қабылдауға, тиісті жалақы төлеуге міндеттеледі.
Екіншіден, студент, шарт талаптарын бұзса, жұмсалған мемлекеттік қаржыны қайтаруға міндеттеледі.
Үшіншіден, аудан әкімдерінің мамандарға тапсырыс берудегі жауапкершілігі артады.
Ондағы мақсат – бюджетті тиімді пайдалану және еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды дайындау.
Сондай-ақ енді мектеп директорының жауапкершілігін арттыру мақсатында оларды конкурс арқылы тағайындау қағидалары өзгереді. Бұдан былай төрт жылдан астам жұмыс істеген мектеп басшысымен келісімшартты ұзарту қоғамдық комиссияларда, мектептің білім сапасы мен жетістіктерін ескере отырып шешілетін болады. Сондай-ақ мектептер арасындағы рейтинг бойынша да оның жауапкершілігі қаралмақ.
Білім беру ұйымдарының қызметін бағалау үшін оқушылар мен ата-аналардың виртуалды-онлайн дауыс беруі қарастырылған.
Бүгінгі күні облыста 3 жоғары оқу орнында жатақханаға қажеттілік анықталды. 3 жоғары оқу орнындағы жатақхана орнына мұқтаж студенттер саны – 1837 (ТарМУ – 657, ТарМПУ – 780, ТИГУ – 400) болса, 3 колледжде 750 жасқа жатақхана қажет (Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі – 300, Жамбыл медицина колледжі – 350, №9 Меркі колледжі – 100).
Қажеттілікті өтеу мақсатында қазіргі кезде «Тараз» қонақ үйі сатып алынып, ТИГУ студенттеріне жатақхана дайындалуда. Қалған 2 жоғары оқу орны мен 3 колледж тарапынан жатақхана салуға тиісті жер телімдері белгіленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттамалары дайындалуда.