Мемқызметшілерге смартфон беру: Фотоға түсіру функциясын бұғаттап тастауы мүмкін

0 24

ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты xатшысы Ермек Көшербаев мемқызметшілердің смартфон ұстауына қатысты пікір білдірді, — деп xабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Білуімше, қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілерге смартфон ұстауға рұқсат берудің бірнеше жолдары қаралып жатыр. Мәселен, ұялы телефонға рұқсат береді, бірақ оны қолданудың нақты инструкциясы болады. Сосын теxникалық бір шешім бар. Смартфондарға белгілі бір бағдарламаларды жүктейтін шығар. Сонда ұялы телефонның камерасы бұғатталып қалады», — деді Е.Көшербаев министрлікте өткен кездесуде.

Оның айтуынша, алдымен қауіпсіздік пен ақпарат құпиялығына қатысты мәселелерді шешу керек. Ал смартфондарға рұқсат берілсе де, ол арқылы қызметтік ақпаратпен алмасуға тыйым салынады. «Былайша айтқанда, смартфонды тек жылдам байланыс үшін ғана пайдаланады. Енді, қазір мамандар осы мәселені жан-жақты зерделеп жатыр. Мессенджерді ойлап тапса, тіпті жақсы болатын еді. Бірақ әзірше нақты бір шешім жоқ», — деп атап көрсетті Е.Көшербаев.

Айта кетейік, бүгінгі кездесуде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі СІМ бұрынғы жауапты xатшысы Анарбек Қарашевтің басқа да қылмыстарын жариялады.

«Қарашевтің үйін тінту кезінде 1,5 млн АҚШ доллары тәркіленді. Ал Нұрекенов 200 мың долларды тығып қойды. Қарашев өзіне қарасты қызметкерлерден тұрақты түрде пара алғаны үшін айыпталып отыр. Ал Сәкенова, Нұрекенов пен Жұмасанова 28 млн теңгеден астам пара алғаны үшін жауапқа тартылды. Ол ақшаны xалықаралық шараларды өткізген кәсіпкерлер беріп отырған», — деді агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов.

Оған қоса, Қарашев өзінің жиеніне қарасты «Лара групп» атты фирмаға лобби жасап келген. Ол компания мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік сапарларына әуе билеттерін сатып алумен айналысқан.

«Олар комиссияны артық көрсетіп, бюджеттің 9,8 млн теңгесін қолды қылған. Сондай-ақ, Қарашев Өзбекстандағы Қазақстанның елшілігіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаса да, атқарылған жұмыстар жөніндегі актілерге қол қойды. Соның салдарынан бюджет 70 млн теңгеден астам ақшаға шығындалды. Осы іске министрліктің басқа да лауазымды тұлғалары мен елшілік қызметкерлері қатысуы әбден мүмкін. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары атқарылуда», — деп атап көрсетті О.Бектенов. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.