Жамбыл облысы әкімінің қатысуымен мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болды

0 23

Бүгін облыс әкімі Асқар Исабекұлының қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы болып өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Сессияда 2019 жылға облыс бюджетін бекіту, Тараз қаласының көшелеріне ат беру әрі абаттандыру, сондай-ақ Қордай ауданының шекарасына аумақтық-территориялық өзгерістер енгізу сынды мәселелер қаралды.

Атап айтар болсақ, биылғы жылдың жеті айының қорытындысымен жергілікті бюджеттің өзіндік кірістері 1,1 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Мұндай нәтижеге  мемлекеттік сатып алу ісінен  үнемдеу барысында қол жетіп отыр.  Енді бұл қаражат бірқатар әлеуметтік нысандар мен өңірдегі кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталмақ. Жамбыл облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында аймақтың бас экономисті жұмсалатын қаржыны депутаттарға егжей-тегжейлі баяндап берді. Сондай-ақ жиында Тараз қаласындағы көшелерді қайта атау мен Жамбыл облысының қалалары мен елді мекендері аумағын абаттандыру қағидаларына енгізілген өзгерістер таныстырылды.

Алғашқы болып, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың төрағасы Нұрдос Тойбаев сөз алып,  өз баяндамасында елді мекендердегі көшелерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, Дихан, Жаңатұрмыс  ауылдық округтері мен орысша немесе мағынасыз атаулармен аталатын 5 көше, атауы жоқ 3 көшеге жаңа атау беру үшін ұсыныстардың түскенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың төрайымы Үміт Найманова, Меркі ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың төрағасы Марат Қасым, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов, аудан әкімдігі жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың төрағасы, Талас ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топтың төрағасы Кәдірбек Садубаев көше аттарын қайта атау жайлы ұсыныстарға тоқталды.

Отырыста қаралған 46 ұсыныс Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов және Талас аудандарынан түссе, оның 9-ы тарихи тұлға, 7-еуі жер-су атаулары және 30-ы дәстүрлі атаулар. Комиссия мүшелері ұсынылған атауларды бірауыздан қолдады. Бірақ, елдімекен көшелеріне атау беру кезінде Аягөз, Жетісу, Отырар,Торғай атауларының орнына Ғазиз Байтасов, Ұлбике ақын сынды тұлғалардың есімдерін насихаттау мақсатында қойылса деген ойларын да жеткізді.

Бұдан соң облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы Сұлушаш Құрманбекова баяндама жасап, Қордай, Меркі және Т.Рысқұлов аудандары әкімдіктері жанындағы консультативтік-кеңесші топтардың жұмыстарына тоқталды.

– Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының 19.06.2018 жылғы  №65 бұйрығымен маусым айында Қордай, Меркі және Т.Рысқұлов аудандары әкімдіктері жанындағы консультативтік-кеңесші топтардың жұмыстарына зерделеу жүргізілді. Зерделеу барысында жұмысшы топтардың жоспарлары мен оның орындалуы,  әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау барысында жергілікті тұрғындармен жүргізілетін түсіндірме жұмыстары мен сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының жағдайы қаралды,- дей келе басқарма басшысы зерделеу барысында жасалған оң өзгерістерді атап өтті.

– Қордай ауданында мағынасы ескірген 1 нысан (№5 Н.Крупская атындағы орта мектеп), Меркі ауданында 5 көше (МПС, Пролетарская, Совет, 60 лет Октября, 70 лет Октября), Т.Рысқұлов ауданында 1 көше (Фрунзе) бар болатын.Оның ішінде, бүгінгі күні Қордай ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектеп аудан әкімдігінің 30.07.2018 жылғы  №300  қаулысымен №5 орта мектебі болып өзгертілсе,  Меркі ауданының 3 көшесі (Пролетарская, МПС, Совет), Т.Рысқұлов ауданының 1 (Фрунзе) көшесінің құжаттары бүгінгі облыстық ономастикалық комиссиясының қарауына ұсынылып отыр. Ал, Меркі ауданындағы қалған 2 көше (60 лет Октября, 70 лет Октября) бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Дегенмен, басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу барысында 3 аудандағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларынан бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда,  Қордай ауданынан барлығы – 76 мекеме  (40 мемлекеттік мекеме, 36 мемлекеттік емес) қаралып, оның 35-нен (17 мемлекеттік, 18 мемлекеттік емес) кемшіліктер анықталды, — деді Сұлушаш Сәтбекқызы.

Мәслихат сессиясынан бұрын тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Онда сессияда қаралатын мәселелер алдын ала талқыланып, жіті қаралды. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы ағымдағы жылы бір млрд-тан астам қаражат үнемделгенін жеткізді. Айтуынша, бұл ақшаның 14 млн-ы қаржы басқармасына беріледі.Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 10 млн, білім басқармасына – 324 млн, спорт және дене шынықтыру басқармасына-46 млн, денсаулық сақтауға – 77 млн, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 275 млн, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға 96 млн теңге бөлінбек. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет саласына да қаржы қарастырылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.