Жамбыл облысында ағымдағы жылы дін саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 22 млн. 276 мың теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифинге облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сай, «Аудандар мен Тараз қаласы көлеміндегі діни ахуалды зерделеу және талдау бағытындағы кешенді іс-шаралардың жұмыс жоспары» әзірленіп, 8 айдың ішінде Тараз қаласы мен барлық аудандарындағы діни ахуалдың жай-күйіне кешенді зерделеу және талдау жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берілді. Атап айтар болсақ:
— Сәуір айында «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» тақырыбындағы облыстық форум өтті.
— Наурыз айында «Дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен мешіт имамдарының біліктілігін арттыруға арналған облыстық оқыту семинары» өтті.
— Қыркүйек айында «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен «Дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің дінтанулық сауаттарын арттыруға арналған облыстық семинар» өткізу жоспарлануда.
— Қазан айында «Дін мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға арналған өңіраралық семинар» өткізу жоспарлануда.
— Басқарма қызметкерлері тәжірибе алмасу мақсатында, Алматы қаласы мен Алматы және Ақтөбе облыстарында болды.
Сондай-ақ, облыс көлеміндегі мешіттерге келуші жамағаттарды зерделеу барысында, күнделікті 5 уақыт намазға келушілердің саны 6 мыңдай, оның ішінде, 1500-і жастар екендігі анықталды. Бұл көрсеткіш облыстағы жастар санының (263157) 0,57%-ын ғана құрайды.
Ал жұма намаздарына келушілердің саны 35000 шамасында болса, оның ішінде, 13500-і жастар болып табылады. Бұл көрсеткіш облыс жастарының 5,13%-ын құрайды.
Сонымен қатар, христиандық бағыттағы шіркеулерге келушілердің жалпы саны 3,5 мың болса, оның 10%-ы жастар болып табылады.