Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 8 айында жүргізілген оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде, 101 азамат радикалды райынан қайтып, қоғамға бейімделді. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Жангелді Жайлауұлының айтуынша, облыстағы діни бірлестіктер мен филиалдар саны – 341. Оның ішінде, 295 мешіт пен 46 шіркеу бар. Ал 295 мешітте 411 діни қызметкер еңбек етеді (69 бас имам, 45 наиб имам, 230 молда, 28 азаншы, 39 ұстаз). Аталған діни қызметкерлердің 12,6%-ы жоғары білімді, 21%-ы орта білімді, қалған 66,4%-ы қысқа мерзімді сауат ашу курстарын бітірген.
Аймақ басшысының тапсырмасына сай, мешіт қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында, ағымдағы жылдың тамыз айында «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушылар құрамын Тараз қаласына шақырып, 100 имамға арналған 2 апталық оқыту курсы ұйымдастырылды.
Бүгінде облыс бойынша 1 мешітте ғана имам жоқ.
Шетелдік 8 азамат миссионер ретінде тіркелген. Аталған азаматтардың қызметі тұрақты бақылауда.
Сондай-ақ, жыл басына бері дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің қатысуымен 1029 іс-шара өткізіліп, 75 мыңнан астам адам қамтылды. Интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы 607 күдікті сілтеме анықталып, ҚР Қоғамдық даму министрлігіне дінтану сараптамасына жолданылып, нәтижесінде 319 сілтеме бұғатталды.
ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, діни алауыздықты немесе араздықты қоздыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтаушы адамдар санын 10%-ға азайту индикаторы 84,9%-ға орындалып отыр.
Сонымен қатар, Басқарманың бастамасымен ағымдағы жылдың ақпан айында 158/2; 158/4; 158/7 түзету мекемелерінде облыстық қазақ драма театрының «Тағдыр тәлкегі» атты драмалық қойылымының көрсетілімі ұйымдастырылды.
Осы қыркүйек айында орыс драма театрының «Хочу домой» атты драмалық қойылымының көрсетілімін ұйымдастыру жоспарлануда.