Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды дамуда

0 14

Ағымдағы жылы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігінің журналистері Жамбыл ауданында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуін, атқарылып жатқан игі істері жайында ақпарат алып қайтты.

Атап айтар болсақ, Жамбыл ауданында бақша дақылдарын жинау басталды.

Қаламен іргелес жатқан Жамбыл ауданында күз басталғалы бақша дақылдарын жинау қарқынды жүріп жатыр. Солардың бірі “Ақкөл” шаруа қожалығы. Қазір мұнда гектарына 100 тоннадан өнім жиналуда, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

“Ақкөл” шаруа қожалығы егін егумен қатар бақша дақылдарын өсіруменде айналысады. Суармалы жерге ақ егіс пен картоп, пияз, сәбіз егілген. Көктемде 24 кектар алқапқа пияз тұқымы себілген болатын. Қазір әр гектардан 100 тонна өнім жиналуда. Техникалар жеткілікті, 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған.

– Биыл өнім жаман емес. Өткеру жағы да қиындық тудырмайды деп ойлаймын. Өйткені пияз бағасы жылдағыға қарағанда жоғары болып тұр. Жұмысшылардың барлығы ауыл тұрғындары. Тиісті жалақыларын еңбектеріне қарай төлеп жатырмыз, – деді шаруа қожалығының басшысы Алтынбек Керімқұлов.

Күзгі жиын-терім жұмыстары аудан әкімінің де қатаң бақылауында. Ең бастысы суыққа қалмай бақша дақылдарын жинап алсақ дейді. Мұнан бөлек ауданда майлы дақылдар да жиналып жатыр. Солардың бірі “Оспанов” және “Жаңабеков” шаруа қожалықтары. Қос қожалық 450 гектар жерге күнбағыс еккен. Науқан соңына дейін 90 тонна өнім аламыз дейді. Ал, “Тимофеев” шаруа қожалығы 20 гектар аумақтан 40 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Жиын-терін жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады.

Тағы бір жаңалық. Жамбыл ауданы мал өсіру саласында да айтарлықтай жағымды жаңалықтарға толы. Нақтырақ айтар болсақ, аудандағы “Тимофеев” шаруа қожалығы мал басын көбейтуде.

Жамбыл ауданындағы “Тимофеев” шаруа қожалығы 150 бас сауынды сиыр өсіріп жатыр. Бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған шаруа қожалығы сүт өндіру ісін де қолға алған, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

«Тимофеев» шаруа қожалығы – Жамбыл ауданы бойынша ең ірі шаруа қожалығының бірі.  Кәсібін тоқсаныншы жылдардан бастаған шаруашылықта қазір төрт-түлік малдың бәрі бар. Оған қоса үй құстарының да бірнеше түрін асырайды. Жәй ғана трактор айдап жүрген Андрей Тимофеев – осындай  қожалықтың иесі боламын деп еш ойламаған. Кәсібінің көзін тапқанына қуанышты.

Андрей Тимофеев, кәсіпкер:

– Жұмыс істейтін болсаң оны сапалы істеу керек, егер оны сапасыз істейтін  болсаң,жұмысты бастаудың да қажеті  жоқ. Міне мен сияқты  басқада шаруашылықтар бар саны бар, сапасы жоқ. Барлық жұмыста қателіктер болады оны дер кезінде жөндеп,өңдеп тұру керек. Бізде де ондай жағдай болады, біз тазалап, жөндеп, дер кезінде қалыпқа келтіріп аламыз.

Сиыр, жылқы, қой мен шошқаға қораларын сайлап, қысы-жазы жем суын беріп қарайды. Еңбек түбі – береке демекші шаруа қожалықтан табысын тауып, отбасын асырап отыр. Жағдайы төмен отбасылар мен жетім балаларға қайырымдылық жасап тұрады. Қарамағында 50 жұмысшы бар. Өз балаларымен қоса кәсіп үйренемін деген жастарға да жол көрсетіп жүр.

Мұса Байгудинов, жұмысшы:

– Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме 15 жыл болды. Жұмыс жақсы,өзімізге ұнайды. Айлығын айма-май төлеп тұрады. Көмегін де беріп тұрады.

Шаруаның көзін тауып,  шаршамай еңбек етіп жүрген азамат, сүт өнімдерін де өздері өңдеп, дайындайды.  Арнайы  дүкендері арқылы айран, сүт, ірімшік, құрт пен май және ет сатып, халыққа табиғи таза өнім ұсынуда.

Роза Тұрсыноглы, жұмысшы:

– Мен бұл жерде жұмыс істеп жүргеніме 7 жылдай болып қалды. Жұмысым таза әрі жылы жерде, май, ірімшіктерді жасаймыз.тағы не айтайын бастығымыз өте жақсы адам бізге көмектеседі, жағдайымызға түсіністікпен қарайды.

Қожалықта барлығы 360 бас ірі қара бар. Оның 150-і сауынды сиыр. Төрт түлік өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер мал басын бұдан да көбейтуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, тек қана ауыл шаруашылығында ғана өсім байқалмайды. Онымен қоса, спорт саласында да жетістіктер айтарлықтай. Соның бірі – Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында жамбылдық спортшылар үздіктер қатарынан көрінді.

Жамбыл ауданының жас спортшылары үздіктер қатарында! Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған “Ұлы дала рухы” фестиваліне қатысып жамбылдық жеткіншектер жеңіспен оралды, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

«Ұлы Дала рухы» фестивалінің ерекшелігі еліміздің барлық өңірін қамтиды. 4 шілде күні басталған фестивальға Жамбыл ауданының Бесағаш, Өрнек, Ерназар ауылдарынан жас спортшылар қатысып жүлделі 1-ші орынға ие болды.

– Алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылған “Ұлы Дала рухы”  фистивалі өтті. Финалға шығып, Жамбыл облысы командасы бірінші орынды жеңіп алдық. Бұған өте қуаныштымыз. Жеңісті күндеріміз көп болғай! – деді команда жетекшісі Еркебұлан Абдіров.

Жастар арасындағы фестиваль бәсекесіне республика бойынша 7073 спортшы қатысады. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату түрінен өтетін жарыстар командалық тәртіпте жүргізілген.

Тағы айта кетерлігі, Астана қаласының 20 жылдығына орай қолға алынған “20 жылдыққа – 20 нысан” жобасының шеңберінде және “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында Жамбыл ауданыда “Ертегі” балабақшасы пайдалануға берілді.

Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын-үй алқабында «Ертегі» бөбекжайы ашылды, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Салтанатты шараға аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов қатысып, ақжарма тілектерін білдіріп, сөз сөйлеген азаматтар бөбекжайдың кермесін қиды. Одан соң қалың көпшілік бөбекжайдың ішін аралап көрді. Заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған бөбекжай тұрғындар көңілінен шықты.

Ашылу салтанатында сөз алған Рүстем Әлішұлы: “Сіздерді бүгінгі 75 балаға арналған “Ертегі” бөбекжайының ашылуымен құттықтаймын! Жеке қаржы есебінен осындай сән-салтанаты келіскен бөбекжайды тұрғызған жандарға алғыс білдіргім келеді. Осы бөбекжайдан ел тізгінін ұстайтын атпал азаматтар қанат қағып ұшатынына сенемін”, – деді.

Ізгі тілектер легін жалғаған Жақсылық Сәлемов бөбекжай жұмысына табыс тіледі.

– Бұл бөбекжай Астана қаласының 20 жылдығына орай қолға алынған “20 жылдыққа – 20 нысан” жобасының шеңберінде және “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында бой көтерді. Құрылысы осы жылдың сәуір айында басталған бөбекжай бүгін, міне, жаңа оқу жылында есігін айқара ашып отыр. Бөбекжай 75 балаға арналған. Балаларды 1 жастан бастап қабылдайтын боламыз. Бұл жерде оқу үш тілде жүргізіледі. Осы бір бүлдіршіндер мекенінен саналы, тәрбиелі балғындар қанат қағады деп сенемін, – дейді бөбекжай меңгерушісі Дамира Дармағамбетова.

Қорыта айтқанда, Жамбыл ауданы қазіргі таңда облыс көлемінде күннен-күнге өсіп келе жатқан өңірдің бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.