«Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қоры 50-ге жуық жасты жұмысқа орналастырды. Бұл туралы Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «ӨКҚ» алаңында «Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қорының президенті Жәнібек Өтелов, баспасөз хатшысы Ерғали Сапарғалиұлы, қор менеджері Мәдина Жұлмақованың қатысуымен баспасөз конференциясында айтылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
«Халықаралық дүние руханият» қоғамдық қоры ағымдағы жылдың Ұлық Рамазан айында салауатты іс атқару мақсатында ниет етіп, бірінші кезекте қазіргі Түркістан облысы Шымкент қаласынан бастау алады.
Қоғамдық қор қазіргі кезде жұмыссыз жүрген жастарды қайырымдылық жасауға шақырып, 50-ге жуық жастарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Бұл шара дертке шалдыққан жас нәресте сәбилерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Көмек сұрап келіп жатқан аналардың басым бөлігі — жалғыз басты аналар. Ана-қашанда ұрпағы үшін тағдырдың ауыр сынағына төзіп, күреседі ғой. Олар қашанда көмек пен қолдауға мұқтаж.
Ерғали Сапарғалиұлының айтуынша, бұл қор төрт айдың ішінде үш бірдей облыстардан филиал ашып үлгерді. Атап айтар болсақ, Түркістан облысы, Қарағанды облысы және осы Жамбыл облысының орталығынан филиал ашылды. Бірғана Түркістан облысынан — 47 науқас сәбилер тіркелді. Оларға көмек ретінде 8 (сегіз) миллион теңге берілді. Осы бастаманы жақында ғана 16-тамыз күні Жамбыл облысының орталағына заңды түрде құжаттарын тіркетіп, филиал ашылды. Бір айдың көлемінде үш бірдей науқас балаларға көмектесіп үлгерді. Мұқтаждығына деп 1 миллиондай қаржылай қолдау көрсетілді.
Сондай-ақ арнайы еріктілер штабы жасақталып жатыр. Олар үгіт-насихат жасау арқылы мекемелермен кәсіпорындармен және жеке кәсіпкерлермен кеңесе отырып келісім-шарт арқылы жұмыс істейді. Қордың келешекте игілікті істерді кең ауқымда атқаруға жүйелі түрде жоспарлары бар.