Сарысу ауданында «China Power International Holding Ltd» компаниясы жел электр станциясын салмақ. Оны аталмыш компанияның Қазақстандағы құрылтайшысы «Визор Казақстан» ЖШС-і жүргізеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі «Жамбыл обылсының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инвесторлар Сарысу ауданында 100 МВт –тық жел электр станцияларын салатын болады. Жоба бойынша 233 гектар жерге 40 желден қуат өндіретін арнайы қондырғылар орнатылмақ. Олардың әрқайсының қуаты – 2, 5 МВт құрайды. Станция жылына 350 миллион КВТ/сағ электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Жоба құны 130 миллион АҚШ долларын құрайды. Жобаның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталады деп күтілуде. Құрылыс кезінде 200-300 адам уақытша жұмыспен, жоба іске қосылғанда 30-40 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Еліміздің энергетикалық секторын стратегиялық трансформациялау аясында жаңартылған энергия көзінен өндірілетін электр энергиясының үлесін арттыру, экологиялық таза энергия өндіру және атмосфераға көмірқышқыл газының шығандарын азайту мақсатында қолға алынған жоба сәтті жүзеге асқанда қазынаға орташа есеппен 2020 жылы 8,1 миллиард теңге пайда түседі деп болжанып отыр. Бұл түсім жыл өткен сайын ұлғая түседі. Алдағы уақытта жоба қуаттылығын 200 МВт-қа ұлғайту көзделген.