Әулиеатада 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркелген

0 5

Әулиеатада 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған. Олардың 5 — Халықаралық, 25 – республикалық, 711 – жергілікті дәрежеде, қалғаны алдын-ала тізімге алынып отыр. Бұл туралы бүгін  Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаев мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Дүйсеналы Дыбысалыұлының айтуынша, ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне Жамбыл облысы аумағындағы Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені енгізілген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени ескерткіш, жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына Жамбыл облысынан 27 ескерткіш іріктеліп, «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енгізілді.

Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы іске асырылуда. Осы бағытта облыс көлеміндегі орналасқан ескерткіштерден ерекшелігі мен құндылығына қарай киелі орындар зерделеніп, қазіргі таңда қасиетті нысандар тізімі қайта жинақталып 35 тен 52-ге нысанға артып отыр.

Жоба аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысандардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталып, «Әулиеатаның киелі жерлері» атты арнайы сайт ашылып, виртуалды онлайн карта жасалмақ. Мультимедиялық  өнімдер, карта және 3 тілде  кітап-альбом шығарылады, ғаламтор желісіне «Сакралды картаның» 3D форматы енгізіледі. Жоба құны 25 млн. теңге.

Leave A Reply

Your email address will not be published.