Таразда үкіметтік емес ұйымдардың VIII облыстық форумы өтті

0 0

Бүгін Тараз қаласындағы Азаматтық орталықта үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: әріптестік пен жауапкершілік» атты VIII форумы өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Форумда азаматтық қоғам институттарының, халықаралық ұйымдардың, сарапшы қоғамдастықтың, оның ішінде, ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен азаматтық сектордың дамуының өзекті үдерістері талқыланды.

Жиында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында мемлекет және азаматтық сектордың өзара іс-қимыл бағыттарын және түрлерін анықтау, сондай-ақ, үздік тәжірибелермен, құзіреттілікпен және өзара білім алмасу арқылы азаматтық қоғам институттарының тұрақтылығын арттыру мәселелері қаралды.

Форумда «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нилзия Рақышева «Жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуындағы қоғамдастықтың рөлі» атты мастер-класс өткізді.

Айта кетейік, жергілікті жерлерде азаматтарды шешімдерді қабылдауға тарту мәселелері бойынша ұсыныстарды талқылап, енгізу үшін форумға ауылдық округтердің әкімдері де қатысты.

— Мастер-классқа аудан әкімдері қатысты және олар өз жұмыстарында айтып, ұсыныстар ұсынды. Басты мәселе кешегі Елбасының жолдауына сәйкес жергілікті ауылдық, аудандық үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және оларды дамытудың жобасын Азаматтық қоғам министірлігіне қолға алуын ұсыныс ретінде  айту, — дейді Нилзия Рақышева.

Сонымен қатар, Өскемен қаласынан келген Виталий Кулик «Ұйымның бәсекелестік факторлары» тақырыбында Case — study семинарын өткізді.

Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара іс-қимылының маңызды бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру болып табылады. Биылғы жылдың әлеуметтік жобалардың қаржыландыруы 814,8 млн теңгені құрады (облыстық бюджеттен – 262,8 млн тг., аудандық/қалалық бюджеттерден – 525,0 млн тг. бөлінді), бұл 2017 жылмен салыстырғанда 108,2 млн теңгеге артты.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдарды бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруға, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша қоғамдық тыңдауларды өткізуге кеңінен тарту мемлекеттік органдардың күнделікті тәжірибесіне айналған.

Өткен жылдар ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып үлгерді. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттің тең серіктесі ретінде қарайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.