Қазақстан Республикасының Премьер — министрі Бақытжан Сағынтаев «Astana AgroForum 2018» шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астық жинау науқанының табысты аяқтылуына байланысты құттықтау сөзін оқып берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Құрметті ауыл еңбеккерлері, аграрлық сектор дамыған Қазақстан үшін астық жинау науқаны əрдайым маңызды оқиға саналады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан биылғы жиналған мол өнім сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің нәтижесі. 22 млн тоннадан астам дəнді жəне дəнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетел нарықтарына үлкен көлемде астық пен ұнды экспорттауға мүмкіндік береді. Мұндай жоғары көрсеткіш Қазақстанның əлемдегі ірі астық өнімдерін өндіруші елдердің бірі екенін тағы да айғақтай түседі», — деп оқыды Сағынтаев.
Мемлекет басшысы хатында ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында стратегиялық маңызы зор осы саланың əлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы едәуір артқанын айтқан.
«Мемлекет алдағы уақытта да агроөнеркəсіп кешеніне жан — жақты қолдау көрсетіп, заманауи технологияны тартуға, еңбек өнімділігін молайтуға, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жағдай жасайтын болады. Еліміздің барлық еңбеккерлерін 2018 жылғы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтаймын. Қазақстан халқы сіздердің азық — түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың өсуіне жəне еліміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды», — деп Сағынтаев Елбасының хатын оқып берді.
Бүгін форумда сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» меморандум бекіткен болатын.