Синоптиктер қараша айында ауа райы қандай болатынын айтты. Қараша айында ауа райы құбылмалы болып, аязды және жылы күндер алма-кезек ауысады, жауын-шашынды, ұйытқымалы жел соғып, жолдарда көктайғақ болады, түнде және танертен тұман түседі, деп хабарлайды Қазгидромет.
Бірінші онкүндіктің ортасында және соңында аяз кәдімгідей сезіледі, термометр бағанасы солтүстікте түнде 5…15 аязға дейін, күндіз 0…8 аязға дейін, ал оңтүстікте түнде 0…7 аязға дейін, күндіз 0…5 жылыға дейін төмендейді. Екінші және үшінші онкүндіктердің ортасында болжанатын екі суық толқын алдыңғыдан қарқындырақ болады.
Нәтижесінде, орташа айлық ауа температурасы климаттық нормаға жуық, тек Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында нормадан 1°С төмен болады.
Айлық жауын-шашын мөлшері Қызылорда облысында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының солтүстік жартысында мөлшерден аз, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында, Қостанай облысының солтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктері аумақтарында мөлшерден көп, қалған аймақтарда – мөлшер шамасында.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан