Қазақстан Ұлттық Банкі өзгермелі айырбастау бағамы режимін сақтайды

0 0

Қазақстан Ұлттық Банкі инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастырады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Инфляцияны 4%-дан төмен деңгейге дейін біртіндеп төмендету Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеті болып табылады, ол салыстырмалы даму деңгейіндегі елдерге тән. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында баяндамамен сөйлеген сөзінде Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов айтып берді.

Ол инфляцияны 4-6% аралығында ұстап тұру 2019 жылға арналған нысаналы бағдар болатынын атап өтті. Бұл дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерін индекстеу параметрлерін есептеу кезінде пайдаланылды.

«2018 жылғы 10 айда инфляция 3,7% болды. Жылдық инфляция 2018 жылдың қазанында өткен жылдың аяғындағы 7,1%-бен салыстырғанда 5,3%-ға дейін төмендеді. Бұл 2015 жылдың қазанынан бергі ең төмен көрсеткіш», — деді А.Ахметов.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының негізгі құралы болып қалады. Қазақстан Ұлттық Банкі елімізде қалыптасқан және күтілетін инфляцияның мөлшеріне, сондай-ақ төлем балансының жағдайын анықтайтын сыртқы факторларға байланысты мөлшерлеме мөлшерін белгілейді.

«Қазақстан Ұлттық Банкі қандай да бір бағдары жоқ өзгермелі айырбастау бағамы режимін сақтайды. Айырбастау бағамы еліміздегі төлем балансы жағдайына байланысты, яғни шетел валютасының ішкі нарыққа әкелінуі мен әкетілуінің теңгерімі әсерінен қалыптасатын болады», — деп атап өтті Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары.

А.Ахметов алдын ала деректер бойынша 2018 жылдың 9 айында Қазақстан төлем балансының айтарлықтай жақсарғанын айтып берді. Өткен жылы 4,6 млрд АҚШ долларын құраған ағымдағы шот тапшылығы 0,9 млрд АҚШ долларына дейін төмендеді. «Алдағы жылдары ағымдағы шот тапшылығы қысқарады деп күтеміз, ол соңында ұлттық валюта бағамына кері әсерді барынша азайтады», — деді ол.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасы орынбасарының айтуынша, 2019 жылы Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады. Қазақстанда банктердің жоғары тәуекелдік саясатымен байланысты жағдайға жол бермеу мақсатында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіледі. Тиісті заң және қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Банктер, әсіресе, жоғары тәуекелді банктер үшін капиталдандыру және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптар күшейетін болады.

«Банк секторын сауықтыру және реттеу мен қадағалаудың жаңа тәсілдерін енгізу банктердің салымшылары үшін тәуекелдерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, баланстарды нашар кредиттерден тазарту және капиталдарын өсіру арқасында банктердің кредиттеу белсенділігі артты. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9 айда жаңа кредиттер беру көлемі 26%-ға немесе 2 трлн. теңгеге өсті. Қайта құрылымдалып жатқан және лицензиясынан айырылған банктердің кредиттік портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 7% немесе 816 млрд. теңге болды. Біздің бағалауымыз бойынша 2019 жылы банктердің кредиттері 10%-дан асуы мүмкін», — деп хабарлады А.Ахметов.

Кәсіпорындарға теңгемен берілген кредиттер бойынша мөлшерлеме ағымдағы жылы 13,2%-дан 12,2%-ға дейін төмендеді. Қазақстан Ұлттық Банкі бұл мөлшерлемені келесі жылы одан әрі төмендеу мүмкіндігі бар деп есептейді.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын әсіресе басым салаларға кредит беру тұрғысында орындау Ұлттық Банктің ағымдағы басымдығы болады. Қолайлы мөлшерлемелер және мерзімдер бойынша халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «7-20-25» бағдарламасы іске асыру жалғасады», — деді сөзін қорытындылай келе А.Ахметов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.