Астанада Денис Тенді еске алуға арналған көрме ашылды

0 0

Астанадағы «MEGA Silk Way» сауда, ойын-сауық орталығында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «D10 WORLD» көрмесі ашылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жалпы ауданы 400 шаршы метрден асатын аумақта авторлық фотожұмыстар, Олимпиада чемпионына тиесілі заттар қойылған. Онда маңызды спорттық сайыстарда түсірілген суреттермен, әріптестері мен достары ұсынған видеожобалармен, сонымен қатар Денистің шығармашылық бағыттағы жеке жұмыстарымен танысуға болады.

«Қазір көптеген адамдар Дениске деген сағыныштарын білдіріп жатыр. Мәселен, осы қараша айында әнші Димаш Құдайберген Денис Тенге ән арнайтынын айтып өтті. Сол секілді, өзіміздің танымал композитор, әншіміз Ерлан Көкеев те Дениске арнап композиция жазды. Денистей жарқын тұлғаның біздің арамызда өскеніне қуанамыз және бүгін оны ел болып сағынып отырмыз. Денис Тен ешқашан ешкімнің көңілін қалдырған емес. Оксана, (Денистің анасы — авт.) біз Денистің идеясын ары қарай дамыта береміз. Себебі, оның жарқын жолы жас спортшыларға айқын үлгі болып отыр», — деді көрмеге келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Спортшының өмірі мен өрлігі жайлы, сондай-ақ ҚР Ұлттық конькишілер федерациясының президенті Болат Жәмішев, әнші Ерлан Көкеев, Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэ Сик, Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев ойымен бөлісті.

«Денис Тен өз ғұмырында қаншама шаршаса да, мұзда қанша сүрінсе де, қаншама қиыншылық көрсе де өзінің елін бүкіл әлемге мойындатқан адам. Денис мәңгі біздің жүрегімізде. Ол ешқашан ешқайда кетпейді», — деді Бахтияр Артаев.

Көрме «Денис Тен қорының» бастамасы бойынша ұйымдастырылып отыр. Қорды спортшының жақындары мен туыстары құрған. Оның мақсаты — Денис Тен атындағы спорттық-білім беру бағдарламасын ұйымдастырып, дамыта отырып, Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау өнерінің, әсіресе балалар мен жастар арасында дамуына сүбелі үлес қосу.

Сондай-ақ, қор Денистің жеке жобаларын жалғастырып, мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды көздеп отыр. Одан бөлек, спортшының жазған сценарийі бойынша фильм түсіріп, Денистің әндерімен музыкалық альбом шығармақ. Бұдан бөлек, оның әңгімелері мен өлеңдерінің жинағын басып шығару жоспарланған.

Көрме 20 қарашаға дейін ашық болады.

Айта кетейік, 7 қараша күні Алматыда Олимпиада жүлдегері тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.