Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы түрік, әзербайжан және қырғыз тілдеріне аударылды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Елбасы мақаласының түрік, әзербайжан және қырғыз тілдеріндегі нұсқалары Халықаралық түркі академиясының ресми сайтында жарияланды.
Айта кетейік, Елбасы мақаласы 21 қараша күні жарияланған болатын. Онда Мемлекет басшысы нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдау үшін Ұлы даланың жеті қырын жете түсінуіміз керектігін баяндаған. Оларды «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан — алма мен қызғалдақтың отаны» сынды тақырыптарға бөліп, сипаттаған еді.
Сондай-ақ, Президент мақалада көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап ететінін ескере отырып, жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп пайымдаған-ды. Яғни, «Архив — 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атаулы жобаларды қолға алу қажеттігін атап көрсеткен. Мақала қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаларды өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде қарастыратынын жазған болатын.