Т.Рысқұлов ауданы, Қазақ ауылында жаңа мешіт ашылды. Құлшылық үйін ауыл шаруашылығы саласы ардагері, бұрынғы партия, кеңес қызметкері, Құмарық ауылының тумасы, қажы Әбжапар Әкімов өз қаржысына салып, халық игілігіне ұсынды. Бұл туралы «ZhambylNews» AA хабарлайды.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына Астана қаласынан ҚР Діни басқармасының өкілі, қажы Сансызбай Құрбанұлы, Жамбыл облысының Бас имамы Данияр Жұмабаев, сол ауылдың тұрғыны, ардагер-ұстаз, республикалық «Мерейлі отбасы» конкурсының Бас жүлдегері Өмен Ниязқұлов қария қатысып, лентасын қиды.
Ауыл жұртшылығы жаны жомарт жанның игілікті ісіне ризашылығын білдіруде. Жұма намазы алғаш рет жамағатпен жаңа мешітте оқылды.
Айта кетейік, «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу — алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарды ардақтаудан басталады»,- деген еді Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы. Ел тарихын тану үшін білімді де білікті, адами қасиет бойға дарыған, иманды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Жас ұрпақ пен қалың жұртшылықты имандылыққа баулудың маңызы да берері де зор. Н.Назарбаев ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, туған елден түлеп ұшқан азаматтардың туған жеріне өз септігін тигізуі қажеттігін үнемі еске салып келеді.