Жаңадан ашылған «Болашақ» шағын орталығы бүлдіршіндерге үш тілді қатар үйретеді

0 8

Қордай ауданы Қордай ауылында «Болашақ» шағын орталығы ашылды. Бұл туралы «ZhambylNews» АА хабарлайды.

Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов, Қордай ауылының әкімі Бақыт Сағатов және Қордай ауданының құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Анатолий Шупта қатысып, кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналарды құттықтады.

Қордай ауылында ашылған шағын орталықта барлығы дерлік қазіргі заман талабына сай жабдықталып, балғындардың емін-еркін білім алуына жағдай жасалған. Негізінде 120 орынға арналған мекемеде әзірше 75 балақай тәрбиеленеді. Қазіргі өмір талабына сай орталықта бүлдіршіндерге үш тілді қатар үйретеді. Оқушыларға дәріс беретін ұстаздардың барлығы білікті де білімді мамандар. Бүгінде төрт топқа бөлінген балақайлар екі ауысыммен сабақ оқиды. Жарық, ыңғайлы кабинеттермен қатар, спорттық алаңда балалардың дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндігі бар. 5 млн. теңгені құрайтын жобаның құрылыс жұмыстарын «Сағымбаев» ЖШС-і жүргізген.

Ашылу салтанатында сөз алған Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай келген қонақтарды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, игі істі қолға алған, орталықты ашқан кәсіпкерге алғыс айтты.

Осы орталыққа немересін ала келген Раушан Сүлейманқұлова:

– Бүлдіршіндер үшін осындай игі істерді қолға алып жатқан аудан басшылығына алғысымды айтамын. Бүгінгі балалар ертеңгі ел болашағы. Осындай бастамалар тоқтамасын. Еліміз өркендеп өсе берсін, – деп тілегін жеткізді.

Сонымен бірге, келген қонақтарды «Болашақ» ЖШС мектепге дейінгі білім беру мекемесінің атқарып жатқан жұмысымен таныстырған орталық басшысы Ғалия Сағымбаева алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Жамбыл облысында 41 нысан ашылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Оның 32-і медициналық нысан болса, 2-і полиция бөлімшесі, 7-і жекеменшік балабақша.

Leave A Reply

Your email address will not be published.