Токиода екі жүзден астам елдің Ұлттық олимпиадалық комитетінің басшылары, халықаралық спорт федерацияларының президенттері кездесті. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев 2018-2022 жылдар аралағына Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығының Атқарушы комитетіне мүше болып сайланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA Қазақстан ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Токиодағы Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас ассамблеясында әлемдегі 206 ҰОК арасынан кандидаттар қаралды.
Айта кету керек, Тимур Құлыбаев Азия Олимпиадалық Кеңесінің вице-президенті қызметін де атқарады.
28-29 қарашада Жапония астанасында жалпы саны екі жүзден астам елдің Ұлттық олимпиадалық комитеттерінің басшылары, әлемдік спорт ұйымдарының басшылары мен халықаралық спорт федерацияларының президенттері кездесті. Спорттық форумға жалпы саны 1400-ден аса адам қатысты. Бұл осы жиынның тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Ұлттық олимпиадалық комитеттер қауымдастығы (ҰОКҚ) қазіргі уақытта 206 ұлттық олимпиадалық комитеттің басын біріктіреді, ұйымды Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған.
Қауымдастық 5 құрлықтық бірлестікке бөлінеді – Африка, Америка, Азия, Еуропа және Океания.