Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында 100 мың пышақтан жасалған періште ескерткіші қойылды.
Суық қару құрбандарына арналған мүсін полицияның тәркілеген пышақ, қанжар, ұстара жүзінен жасалған. Бірегей ескерткішті соғуға 1 жылдай уақыт кеткен. Ол шаһардағы кафедралдық шіркеудің алдына қойылды. Мүсін авторы Альфи Брэдли «Пышақты періште» адамдардың назарын суық қару қолданумен байланысты мәселеге аударып, мұндай қылмыстың азаюына септігін тигізер», – дейді. Ал ресми мәліметке сүйенсек, Ұлыбританияда жыл басынан қазан айына дейін пышақты қолданумен 39 мың қылмыс тіркелген.
Альфи Брэдли, мүсінші:
— Ескерткішке пышақтың барлық түрін пайдаландым десем болады. Оның ішінде қасапшының да, ұзын қанжарлар, тіпті қарапайым ас үй пышақтары да бар. Соңғысының жартысынан көбі балалардан тәркіленген. Бұл өкінішті жайт. Оны олар көбіне қорғанамыз деп алып жүрген.
Дереккөз: 24.kz