Жыл сайын таяздап бара жатқан Жайық өзені экологтарды алаңдатуда

0 0

Атырау мен Батыс Қазақстан облысын сумен қамтып отырған Жайық өзені жыл өткен сайын таяздап барады, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА 24.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Өзен суының деңгейін қалпына келтіру судың сапасы мен биологиялық ресурстарды сақтап қалу мақсатында жауапты эколог мамандар Атырауда бас қосты.

Жайық өзені – екі облысты бірдей тіршілік нәрімен қамтып отырған маңызды стратегиялық су айдыны. Жайық екі аймақтың экологиясына да, экономикасына да тікелей әсер етеді. Өзеннің таяздығы ауызсудың сапасын төмендетіп, су көлігі тасымалын тоқтатып, балық шаруашылығын да тұралатады. Трансшекаралық өзен болғандықтан, бұлақтың басында отырған ресейліктер суды алдымен пайдаланады.

Ғалидолла Әзидуллин, «Жайық-Каспий» бассейндік су инспекциясының басшысы:

– Ресейлік әріптестерімізбен келісе отырып, «Ирикла» су қоймасынан жаз кезінде жыл сайын секундына 15 текше метр су жіберетін болса, биыл судың көлемін секундына 45 текше метрге көтердік. Жайыққа құятын басқа да өзендердің сулылығы аз болғандықтан, осындай құбылысты көріп отырмыз. Мамандар Ресей жағы су қоймаларын салып алып, суды аз жіберіп отыр деген пікір қате дейді. Бізге де су қоймасын салуға батыстағы екі облыстың географиялық ерекшелігі келмейді.  

Бекен Әлирахым, twitter@a.beken

– Жайық өзені жазда жаңбыр, қыста қардың суына тәуелді. Өйткені барлық өзен-көлдердің су қоры осылай толығып отырады. Яғни табиғатқа да тәуелді. Жайықтың біртіндеп тартылуы 2006 жылдан басталған. Биыл су деңгейі мүлде төмендеп кетті. Мамандардың есебі бойынша Жайықтың орташа жылдық су көлемі 9,5 млрд текше метр болса, биыл 6 млрд текше метр шамасында ғана су келген.

Тағы бір мәселе – ауызсу сапасының төмендігі. Қолданыстағы су тазалау қондырғылары талапқа сай емес. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу қажет дейді мамандар.

Мұхтар Жәкенов, ҚР АШМ трансшекаралық өзендер департаментінің басшысы:

– Суды түсіне, иісіне және сапасына қарай тазалау деңгейін көтеру керек. Көмір сүзгісін пайдалану, хлормен тазалау және басқа да химиялық реагенттерді көптеп қолдану қажет. Жайықтың суының сапасы төмендеген сайын тазалау әдістерін де барынша жаңалап отырған жөн.

Мамандардың айтуынша, жағдайды Жайық өзенінің сағаларын толтыру арқылы да түзеуге болады. Ол үшін көктемгі су тасқыны кезінде өзен арнасынан бөлініп шығатын жабық тоғандарды суға толтырып алу қажет. Келер көктемнен бастап осы әдіске баса мән берілетін болады. Ал қалған мәселе тек табиғи құбылыстарға тәуелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.