Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары (шағын кәсіпорындар, қосалқы өндіріс және үй шаруашылықтарын қосқанда) қолданыстағы бағалармен 319505,4 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Ал заттай көрсеткіштер динамикасынан есептелген өнеркәсіптік өндіріс индексі 2018 жылғы қыркүйекке 105,8%-ды, 2017 жылғы қазанға 85,2%-ды, 2017 жылғы қаңтар-қазанға 103,1%-ды құрады.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі Тараз қаласында – 102,9% және облыстың 9 ауданында: Талас (9,1%-ға), Шу (8,9%-ға), Жуалы (8,4%-ға), Мойынқұм (7,8%-ға), Қордай (6,7%-ға), Байзақ (3,4%-ға), Т.Рысқұлов ауданында (3,2%-ға), Сарысу (0,4%-ға) және Жамбыл ауданында (0,1%-ға) өскені тіркелді.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 2018 жылғы қаңтар-қазанда 229395 млн. теңгені көрсетіп отыр. Оның ішінде мал шаруашылығы – 92366,9 млн. теңге немесе 103,3%, өсімдік шаруашылығы – 136250,6 млн. теңге немесе 104,5%, қызметтер 777,4 млн. теңге немесе 100% болып қалыптасты.
2018 жылғы қаңтар-қазанда өткен жылғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал саны 28,9 мың басқа (8,1%-ға), жылқы 8,8 мың басқа (8%-ға), қой мен ешкі 110,3 мың басқа (3,9%-ға), түйе 294 басқа (4,6%-ға) көбейді.
Сонымен бірге, мал басының өсуіне негізінен халық және фермер шаруашылығының есебінен қол жетті. Мүйізді ірі қара мал санының жоғары өсімі Меркі ауданында – 24%-ға, Қордайда – 11,1%-ға; жылқы саны Меркі ауданында – 12,9%-ға, Мойынқұмда – 11%-ға; қой мен ешкі Жуалы ауданында – 9%-ға, Меркіде – 8,2%-ға; түйе Меркі ауданында – 8,8%-ға, Байзақта – 6,3%-ға өсті.
Ет өндіру көлемі 2017 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 4%-ға артты. Ет өнімін өндірудің ең жоғары көлеміне Байзақ (8,6%-ға өсті) және Меркі ауданының (7,4%-ға) шаруашылықтары қол жеткізді.