Алматыда физика пәнін оқытуға бағытталған ең алғашқы комикс басылып шықты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңа кітап ғылымға қызығушылық танытқан 10-12 жастағы оқушыларға арналған. Жобаны Алматыдағы академик Шахмардан Есенов атындағы қордың командасы жүзеге асырды.
«Ақпан айында «балалар арасында ғылым-білімді дәріптеуге өз үлесімізді қалай қосамыз» деген сұрақ туындады. Идея ретінде атақты Яков Перельманның «Занимательная физика» жұмысын алуға шешім қабылдадық. Талқылау барысында бұл балалар үшін қызықты болу керек деген тұжырымға келдік. Олар түрлі оқиғалар арқылы күнделікті өмірде кездесетін физика заңдарымен танысады», — деді жоба үйлестірушісі Нұрсұлтан Нұрмұханов.
Құрастырушылардың идеясы бойынша комикстегі кейіпкерлер жолында үнемі физиканың заңдарына жолығатын болады.
Әр шығарылымда олар Қазақстан бойынша саяхат жасап, жолай оқырман балақайларды Шарын шатқалы, Каспий теңізі немесе Үстірт қорығы сияқты еліміздің көрікті жерлерімен таныстырады. Комиксте ғажайыптар мен қосымша танымдық ақпараттар да бар. Мысалы, балалар Алматы облысының атақты мистикаға толы Қайыңды көлінің қалай пайда болғаны жайлы білетін болады.
Комикс сюжетінің авторы және құрастырушысы, Khan Comics студиясының негізін қалаушы Оразхан Жақып қор жобасымен жұмыс барысында алған әсерімен бөлісті.
«Біз ғылымды жасөспірімдер экшнына айналдыра отырып, сценарийді өзіміз жазып шықтық. Қасаң формулалар негізінде ең талғампаз аудиторияны қызықтыратындай сюжет ойлап табу — басты қиындық болды! Сонымен қатар, жоспарланған мерзімнен ауытқымай, сапаны жоғары деңгейін ұстау қажет болды. Жинақтың бас суретшісі — Данияр Орынбаев. Сондай-ақ мұнда бірнеше колорист жұмыс жасады. Қазіргі таңда біз 4-ші шығарылымның суретін салып жатырмыз, ал сценарий бар жинаққа толықтай жазылып қойған. Барлығы 10 нөмірден тұратын болады. Жинақтың бас кейіпкері — төрт қарапайым жасөспірім. Олардың әр қайсысынан қазақстандық оқушылар өздерін және достарын танитын болады», — деді Оразхан Жақып.
«Олар — ешбір суперқабілеті жоқ болса да, өте қарапайым жасөспірімдер. Алайда, бәлкім, Әлібекті ерекшелеуге болатын шығар. Ол ғылымға ғашық, өзі ашық экнциклопедия сияқты, кейде тіпті ақылгөйсіп кетеді»,- деді Данияр Орынбаев.
«Физикалық комикстің» алғашқы шығарылымы мемлекеттік және орыс тілдерінде 2 000 дана таралыммен басып шығарылады. Шахмардан Есенов атындағы қор тираждың жарты бөлігін Алматы мектептері арасында таратуды жоспарлап отыр.
2019 жылдың қантар айынан бастап комикс топтамалары еліміздің ең үлкен кітап дүкендерінің сөрелерінде пайда болады.