Кейде адамдар өз тәбетін басқара алмайды. Бірі оны “көздің тоймауы” деп атайды, енді бірі өзінің ерік-жігерінің жоқ екендігімен байланыстырады. Ал, шындығына келгенде мұның бәрі адам ағзасында жүріп жатқан үрдістерге тәуелді.
Неге тәбетті басқару соншалықты қиын?
Лептин – адамның қарнының ашуы мен тоюына жауап беретін, энергетикалық алмасуды реттеуші гормондардың бірі. Гормонның синтезделетін негізгі аймағы – май. Лептин арқылы адам миы денесінің массасы және май ұлпаларында қаншалықты энергия жинақталғаны туралы ақпаратты алады.
Ғылыми деректерге сүйенсек, лептиннің зат алмасуы бұзылса, адамда семіздік дерті пайда болады. Өйткені, ми артық майды аңғармай, аштық сезімін сезуін тоқтатпайды. Сол себепті, тәбеттің кенеттен ашылып кетуі байқалады.
Лептиннің ағзаға әсер етуі:
Атап өткеніміздей, лептин – тәбетті басқаратын ағзадағы негізгі химиялық зат. Оның жеткілікті мөлшері ағзада қуат көзі қажетті мөлшерде екенін миға жеткізсе, аз мөлшері кезінде қарын ашады. Лептин секілді қызмет атқаратын грелин гормоны бар. Бірақ, олардың басты айырмашылығы грелин мөлшері желінген тамақ мөлшеріне сәйкес (тамақ алдында – жоғары, кейін төмен) ауысып отырса, лептин ағзадағы май жасушаларына сәйкес өзгереді. Калория мөлшерін азайту арқылы ұсталатын қатаң түрдегі диеталар грелиннің мөлшерін арттырып, адамдағы аштықты оятады.
Лептин мен май жинау арасындағы байланыс:
Теория бойынша, лептиннің жоғары мөлшері кезінде ағза миға май жасушаларында қажетті энергияның барын жеткізуі тиіс. Бірақ, артық салмақ кезінде бұл үрдіс өзінің жұмысын тоқтатады. Нәтижесінде адамның қарны ашып, үздіксіз тамақтана береді. Өкінішке орай, бұл механизм жабық шеңбер бойынша іске асады – адамның денесіне май жиналған сайын, ми оны байқамайды, адамның қомайғайлана тамақтануы күшейеді.
Неге диета кезінде қарныңыз ашады?
Артық салмақ немесе семіздік дертіне шалдыққан адамдар калория мөлшерін азайтып, диета ұстай бастайды. Бастапқы 2-4 күнде ағзадағы лептин мөлшері төмендейді. Бірақ, ми бұрынғыша майдың қажетті мөлшерде екенін аңғармайды.
Ағзаның “энергияны сақтау” режиміне өтуі зат алмасу үрдісін баяулатады: жұмысқа қабілеттілік төмендеп, ұйқышылдық пайда болады. Сол себептен, толық адамдарға арықтау қиынға соғады.
Неге әйел адамдарға арықтау қиын?
Әйел адамдарда орташа лептин мөлшері ер адамдармен салыстырғанда, 2-4 есе жоғары. Сондықтан, әйел адамдар арықтаймыз деп “лептин тұзағына” түсіп қалады. Аштық сезіммен өмір сүру тек метоболизм жұмысына кедергі келтіріп, артық калорияны майға айналдырады. Лептиннің көп мөлшерде болуына байланысты ғалымдар ер адамдар диетадан жылдам арықтаса, әйел адамдар үшін жаттығулар мен кардио тиімді екенін айтады. Өкінішке орай, өмірде “диета” десе көз алдымызға әйел адам елестейді. Ал, жаттығуларды тек ер азаматтарға арналғандай қабылдайтынымыз жалған емес.
Лептин және қант диабеті:
Жылдам көмірсуларды үздіксіз қолдану (қант, тәтті жеміс, нан, бәліш, ақ күріш пен картоп) қалыпты зат алмасуды бұзатын негізгі фактор. Глюкозаның қандағы жоғары мөлшеріне әбден үйреніп алған ми инсулин мен лептин гормондарын сезуді тоқтатады. Лептиннің мөлшерден тыс жоғары болуы адамдағы екінші санаттағы қант диабетінің дамуына алып келеді. Қант диабеті кезінде ағза тағамнан алған көмірсу энергиясын дұрыс қолданбайды да, нәтижесінде ағза калориядан жылдам арылу мақсатында оны майға айналдырады.
Лептинді қалыпқа келтіретін диеталар:
Лептиннің жұмысын реттеу үшін күш түсіретін жаттығулар мен қатар, жылдам көмірсулардан толық бас тарту керек. Дегенмен, бірден күнделікті жейтін тағам калориясын түсіріп жіберуге де болмайды. Дұрысы нәруыздық диета. Күнделікті тағам режиміне жасыл көкөніс (жеміс емес), майсыз ет пен қарақұмықты қосыңыз. Өсімдік майын зәйтүн майына алмастырыңыз. Тәтті мен жаптылай дайын өнімдерден бас тартқаныңыз абзал.
Дереккөз: massaget.kz