Еркебұлан Дауылбаев Сарысу ауданына жұмыс сапарымен барды

0 1

Сарысу ауданына облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен барды. Ең әуелі Ақтоғай ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін Ақтоғай орта мектебінің ғимаратының жай-күйімен танысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі. 

Мұнан кейін Еркебұлан Әбілханұлы бастаған топ Жаңатас қаласына атбасын бұрып, Орталық ауруханада болды. Сондай-ақ, іссапар қала орталығында орналасқан «Үш алып» жатақханасының ғимаратын пәтер ретінде қайта жаңғырту мәселесін және күрделі жөндеуді қажет ететін «Айгүл» балабақшасының ғимаратының бүгінгі ахуалы мен алдағы жұмыс жоспарларын танысумен жалғасын тапты.

Сондай-ақ, Сарысу ауданы әкімі Балабек Нарбаев бүгінде жаңарған шаһарда 2000-нан астам адам пәтер кезегінде тұрғанын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 1-шағын аудандағы №5 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған бағдарлама аясында Жаңатас қаласындағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру бағытында жұмыстар атқарылуда.

Жуырда аудан тұрғындарының бірқатарына баспаналы болу бақыты бұйырмақ екендігін айтып, қаланың 1-шағын аудандағы №5 тұрғын үйдің қайта жаңғырту, жөндеу жұмыстарын көрсетті. Атқарылып жатқан жұмыстар барысын өз көзімен көрген Еркебұлан Әбілханұлы бастаған топ бас мердігермен жолығып, көпқабатты үй пәтерлеріне жеке-жеке кіріп, сапасын байқады.

Сонымен бірге, аудандағы бірқатар нысандарды аралап шыққан облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапары соңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында бірқатар басқарма басшылары және ауыл әкімдері, бөлім басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Басқосу кезінде басқарма басшылары өз салалары бойынша баяндама жасап, ауданға қатысты мәселелерді Еркебұлан Әбілханұлының назарына ұсынды. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасарлары аймақтағы шешімін күткен мәселелердің себеп-салдарын түсіндіріп, жан-жақты талқылады.

Сарысу ауданы баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.