Елбасы жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру негізгі міндетін қойылды. Осы орайда, Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласында 2018 жылы нақты міндеттер айқындалған болатын. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
2018 жылы ауыл шаруашылығы саласына — 17,6 млрд. теңге бөлінді. Бюджеттік кредит және трансферттерге – 5 278,1 млн. теңге, субсидияларға – 11 921,7 млн. теңге бөлінген. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 190 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,2 пайызды құрады. Оның ішінде, егін шаруашылығы өнімінің көлемі – 105 317,9 млн. теңге, мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 83 552,2 млн. теңгені құрады. Салаға 17 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2017 жылмен салыстырғанда 171 пайыз жоғарылады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде күтімі келіссе пайдасы мен түсімі мол өнімнің бірі қант қызылшасы. Сондықтан тәтті түбірді өсіру, оның көлемін ұлғайту мен өнімділігін арттыру маңызы бар стратегиялық салаға айналып отыр. Осы бағытта өңірімізде бірталай іс еңсерілді. Мәселен, биыл облыс бойынша 8416 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, барлығы 22 1979 тонна өнім алынды.
Бүгінде қызылша егіп, тірлігімді тіктеймін дегендерге мемлекекетіміз жан-жақты қолдау көрсетуде. Дала дихандарының тынымсыз еңбегі арқасында барлық өнім ағымдағы жылдың 26 желтоқсанына дейін толығымен жиналып бітті. Шикізатты өңдеу ісінде де алға басу бар. Биыл Меркі қант зауытында ағымдағы жылы 125338 тонна тәтті түбір өткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5134 тоннаға артық.
2018 жылы пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарың егіс көлемі 669 мың гектарға орналастырылып, 2017 жылмен салыстырғанда 39 мың гектарға, немесе 6,0%-ға артты. Жалпы биылғы жылы атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы жоспарлар мен мақсаттар да жетерлік. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде әзірленген аймақтық бағдарлама аясында биыл да облыстың ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі арта түспек.
Дереккөз: Jambyl tv