«Қазпошта» есепке алу және сәлемдемелерді бақылау қызметін енгізді

0 2

Қазақстандықтардың пошта және курьерлік қызметке деген сұранысының артуы электронды коммерция нарығының дамуына серпін берді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

2018 жылы онлайн сауда арқылы 35 миллион тауар тасымалданыпты. Олардың 18,5 миллионы Қазпошта қызметі арқылы тиісті мекенжайларға жеткізілген.

Алматыдағы бөлімшелерде жаңаша пошталық есепке алу биыл қаңтар айынан бастап енгізілді. Жаңа жүйенің жұмысын көруге келген «Қазпошта» басшысы тұтынушымен бірге сәлемдемені алу сәтін өз көзімен көрді. Бірнеше есепке алу жүйесінің мәліметтері біріктірілген қызмет сәлемдемені тіркеу, жіберу уақытын 40 пайызға қысқартады. Алғашқы аптада орнату жұмыстары кезінде қиындықтар болғанымен, қазір ол тұрақты жұмыс істеп тұр.

Сәкен Сәрсенов, «Қазпошта» АҚ басқарма басшысы:

– «Қазпоштаның» құрылымы үлкен. 3500 бөлімшесі бар. Әрине оның барлығына жаңа жүйе енгізу оңай емес. Қызметкерлерді оқыту жұмыстары қатар жүрді. Бірақ бәрі сәтті жүзеге асты. Сәлемдемелер жоғалып кетуі мүмкін деген пікірлер де бар. Алайда тұтынушыларды «Қазпошта» қызметінде сәлемдемелер ешқашан жоғалмағанына сендіргім келеді. 

Қаңтардың үшінші аптасында «Қазпоштаның» сұрыптау орталығына 2 миллион сәлемдеме келген. Атап айтқанда, 1 миллион хат, сәлемдемелер мен жүк осы аптада келіп түскен. Мұның бәрі Қазақстанның барлық қалаларына, тиісті мекенжайларға жеткізіліп жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2017 жылдың қаңтар айында 500 мың сәлем-сауқат тұтынушыларға жіберіліпті.

Шыңғыс Ахметбеков, кәсіпкер:

– «Қазпоштамен» үш жылдан бері серіктес болып жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында қызмет көрсету сапасы өзгерді. Сәлемдеме жіберу, қабылдау өте оңай. Тұтынушылар үшін бұл ең маңызды. Жеткізу қызметінің уақыты да қысқарды.

Жыл соңына дейін үш жарым миллионнан аса қазақстандық онлайн сауда жасауы мүмкін деп жоспарланып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.